ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЗАҢСЫЗ 106 НЫСАН АНЫҚТАЛДЫ

28

Шымкент қаласында құрылыс нормаларын бұзып, заңсыз салынған нысандарға қатысты мониторинг және бақылау жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде жыл басынан бері қала аумағында 106 заңсыз құрылыс нысаны анықталып, оның 56-сына қатысты тиісті шаралар қолданылды.

Анықталған нысандардың басым бөлігі Абай ауданында тіркелген. Атап айтқанда, Абай ауданында – 39, Әл-Фараби ауданында – 19, Еңбекші ауданында – 17, Қаратау ауданында – 21, Тұран ауданында 10 нысан анықталған.

Бұдан бөлек құрылыс нысандарын бақылау және қадағалау бағытында 72 құрылыс объектісіне тексеру жүргізіліп, жалпы көлемі 61,6 млн теңге айыппұл салынды.

Оның ішінде:
• заңсыз құрылыстар бойынша 59 нысанға – 42,4 млн теңге,
• құрылыс сапасына қатысты 8 нысанға – 8,6 млн теңге,
• үлестік құрылыс талаптарын бұзған 5 нысанға – 10,6 млн теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар лицензиялық бақылау аясында 442 құрылыс мекемесіне 86,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, лицензиялары 6 ай мерзімге тоқтатылды.

Жалпы жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде жергілікті бюджетке 147,6 млн теңге көлемінде түсім өндірілген.