ШЫМКЕНТТЕ МАКУЛАТУРАНЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ КАРТОН ҚАПТАМА ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

10

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Shymkent Qagazy» ЖШС-нің макулатураны қайта өңдеу және картон қаптама өндіру зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба қолданыстағы кәсіпорынды кеңейту аясында жүзеге асырылып, қаланың қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған.

Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталып, заманауи технологиялық жабдықтар орнатылды, өндірістік желілер іске қосылды.

Айта кету қажет, жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның оңтүстік өңірлерін отандық өндірістің сапалы картон қаптама өнімдерімен қамтамасыз ету. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді және 50 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорынның аясын кеңейту аясында өндірістік инфрақұрылым жаңартылып, қайталама шикізатты өңдеудің заманауи технологиялары енгізілді.

Жобаны іске асыру қағаз қалдығын қайта өңдеу көлемін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және өнеркәсіп дамуының экологиялық құрамдас бөлігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қалдықтарды қайта өңдеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта макулатураны қайта өңдеу және картон қаптамаларын өндіру саласының маңызы артып келеді. Мұндай өндіріс орындары қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, экономиканың дамуына да үлес қосады.

Макулатураны қайта өңдеу зауыты пайдаланылған қағаздар мен картон қалдықтарын жинап, оларды сұрыптау және арнайы технологиялық өңдеу арқылы қайта пайдалануға жарамды шикізатқа айналдырады. Дайындалған шикізаттан әртүрлі картон өнімдері мен қаптама материалдары өндіріледі. Бұл қағаз қалдықтарының көлемін азайтып, табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Картон қаптамалары қазіргі таңда сауда-саттықта, азық-түлік өндірісінде, логистикада және тауарларды тасымалдау саласында кеңінен қолданылады. Олардың басты артықшылығы – жеңілдігі, қолайлылығы және қайта өңдеуге жарамдылығы. Сондықтан картон қаптамаларын өндіру экологиялық тұрғыдан тиімді бағыттардың бірі саналады.

Өндіріс барысында еңбек қауіпсіздігі мен экологиялық талаптарды сақтау ерекше назарда болуы тиіс. Қағаз және картон қалдықтарын дұрыс сақтау, өрт қауіпсіздігі ережелерін орындау, өндірістік жабдықтарды уақтылы тексеру және қалдықтарды белгіленген тәртіппен өңдеу – қауіпсіз жұмыстың негізгі шарттары.

Сонымен қатар, макулатураны қайта өңдеу халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қағаз қалдықтарын арнайы жинау орындарына өткізу және оларды тұрмыстық қоқыстан бөлек сұрыптау арқылы әрбір азамат табиғатты қорғауға өз үлесін қоса алады.

Қорытындылай келе, макулатураны қайта өңдеу және картон қаптама өндіру зауыттары – экологиялық тұрақтылық пен өндірістік дамуды ұштастыратын маңызды кәсіпорындар. Қалдықтарды тиімді пайдалану, ресурстарды үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу – таза әрі қауіпсіз болашақтың кепілі.