Шымкентте тиісті контингенттің 70,2 пайызы вакцинаның 1-компонентін салдырды

697

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін айтып, тұрғындарды жалған ақпараттардың жетегінде кетпеуге шақырды.

– Қазіргі таңда Шымкент қаласы «қызыл» аймақта. Қаладағы эпидахуал тұрақсыз. Тұрғындарға айтарым: сақтанып жүріңіздер. Ковид жұқтырып, емханаға түсіп жатқан адам саны азаймай отыр. Дәрігердің хаттамасымен ғана емделіңіздер. Өздігінен емделудің салдарынан науқастың көбісі емханаға ауыр халде жеткізіліп жатыр. Сол себепті асқынған ауруды емдеу нәтижесін бермеуде. Ал жалған ақпараттарға алданып, антивакцерлерге сенбеңіздер. Осы орайда, екпе жайлы қарсы пікір (антивакцерлер) білдірушілерді ерікті болып, мән-жайдың барысын бірге бақылап көруге шақырамын. Бұл ретте дәрігерлер күндіз-түні жанын салып дертпен күресуде. Құрметті қала тұрғындары, вакцина қабылдаңыздар. Аурудың алдын алуға бәріміз бір кісідей атсалысайық! – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.

Спикердің сөзінше, қазіргі таңда үшінші мегаполисте 7 397 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 4 809 науқас үй жағдайында амбулаторлық, 2 588 науқас стационарда ем қабылдауда. Ал өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 535 жағдайы тіркелген.

Сонымен қатар, екпе алу бойынша Шымкент шаhары еліміз бойынша 1-орында тұр. Бүгінгі тиісті контингенттің (536 000 адам) 1-компоненті 70,2%, 2-компоненті 54 пайыз вакцинацияланған.

Айта кетейік, қала әкімдігі жанынан ашылған «call-center» тәулік бойы жұмыс жасауда. Ал қаладағы бизнес субъектілері үшін «Ashyq» жобасы іске қосылған.