МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ АРҚАСЫНДА ОТАНДЫҚ ҰН ӨНДІРЕТІН КОМПАНИЯ ӨНІМ КӨЛЕМІН АРТТЫРДЫ

427
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдап, бұл мақсатқа бөлінетін қаржының көлемі кемінде 1 трлн теңге болатынын айтқан болатын.
Шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан осындай қолдаудың арқасында бүгінде Шымкент қаласындағы кәсіпорындар өнім көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құрып отыр. Солардың бірі астық өндіретін «Pioneer Grain Products» ЖШС-гі. Диірмен «Пионер Элитная», «Пионер Стандарт» сауда белгілері бойынша ұнның төрт сұрыпын өндіреді. Өнім өндіруде жаңа технологиялар мен құралдар қолданылады.
Ең бастысы, бидай ұнының құрамында нанның қасиетін кемітпейтін А дәрумені, тиамин, рибофламин, никотин қышқылы және тағы да сондай адам ағзасына пайдалы заттар жойылып кетпей, тұтынушыға жетеді.
Аталған компания өткен жылы өзінің айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Forte Bank» АҚ-тан қаржыландыруға жүгінді. Несие «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жылдық 15% -дық мөлшерлемемен мақұлданды, оның 9% -ын «Даму» Қоры субсидиялады.
Мұндай қолдау шаралары қала экономикасының өсуіне ықпал етіп, тұрақты жұмыс орнының сақталуына септігін тигізеді. Сонымен бірге, халықты ұн өнімімен тұрақты қамтамасыз етіп, баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Осының арқасында зауыт өнім көлемін арттырып, тәулігіне 500 тонна астық өндіруде. Қазіргі таңда 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Диірменде Солтүстік Қазақстан өңірінің диқандары өсірген бидай өңделеді.
20 жылдан астам уақыт астық өндеумен айналысатын кәсіпорынның дайын өнімдері — Қазақстан, Орталық Азия, Ресей, Қытай мемлекеттеріне жіберіледі.
Шымкент қаласында мемлекеттік шаралар аясында отандық тауарөндірушілерді кеңінен қолдау жалғастырылатын болады.