ЕСІМХАННЫҢ ЕРЛІГІНЕ ЕЛ РИЗА
Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Оранғайдағы алғашқылардың бірі болып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеті миллион теңгеге Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан жиырма бас жылқыны өзі таңдап алып, екі «КАМАЗ» автокөлігімен төрт күнде Түркістанға жеткізіп, ветеринарлық сараптауды жасап, карантиндік кезеңінен өткізіп, бордақылауға кіріскен отыз екі жастағы Есімхан Досжанның шаруашылығымен танысты. Есімхан Досжан жеңілдікпен несие алудың тоғыз талабынан сүрінбей өткен екен.
Ғалымжан Қарабайұлы ауданда осы жобаға қатысушылар туралы қысқаша мәлімет берді.
— Қазіргі таңда Сауран ауданы бойынша 80 жобаның құжаты мақұлданып, қаржыландырылды. Одан басқа 600 миллион теңгеге 140-тай жоба дайын тұр. Биылғы жоспарымыз бойынша 1млрд 200 миллион теңге шамасында жобаны игеруіміз керек. Күні бүгін осы жоспардың 36 пайызын ғана игеріп отырмыз. Бұл тым аз. Сондықтан, енді алтыншы бағытты ашып жатырмыз. Оны барлық аудандағы ауылдарға алуға болатын жағдай қалыптастыруымыз керек.
Алтыншы бағытта жұмыс жасайтын шаруалардың балық шаруашылығын дамытуға сегіз жарым миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Алтыншы бағыт–ол балық шаруашылығын дамытудан басқа барлық бағыттағы кәсіпкерлік мақсатында мәселен құрылыс заттарын, жиһаз жасау, мал өнімдерін өңдеу миницехтары секілді кәсіп түрлерімен халықты барынша жұмыспен қамту көзделеді. Оған осы айда әр жобаға сегіз миллиондай теңгені игеруді жоспарлап отырмыз. Қазан, қараша айларында жоспарымызды орындауға қол жеткіземіз деген ойдамын. Біздің аудандағы кәсіпкерлер, диқандар мен малшылардың қазіргі әлеуеті екі жарым миллиард теңгеге дейінгі қаржыны игеруге мүмкіндігі жетеді. Халықтың көбі осы жобаларға белсенді қатысса, әл ауқаты тез көтеріледі. Басты мақсатымыз -жұмыссыздықты жою.
— Осы жобаларға қол жеткізу үшін тұрғындардың кооператив мүшесі болуы міндетті ме?
— Әр ауылда өздері сегіз жарым миллион теңгеге дейін ала алады. Ал, кооперативке мүше болуға міндеттеп жатқан жоқпыз. Бірақ кооперативке мүше болу арқылы жұмыс істеу әлдеқайда оңайға түседі. Ол шартта көрсетілген. Мәселен, кооперативтің айналымына қомақты қаржы бөлінеді. Техника алуына жағдай жасалады. Ол кооперативке мүше болса жем-шөптерін арзандатылған бағамен береді. Техника алғасын оны ортақ мақсатқа бірлесіп пайдаланады. Мәселен, осы Оранғайда сүтті бағыттағы кооператив құруға өте ыңғайлы. Құрылған кооператив тұрғындардан тиімді бағамен сүт алады. Ол үшін кооператив тұрғынды төмен бағамен жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс.
— Осы Оранғай ауылдық округінде 18 шаруашылыққа 156 жылқы бордақылауға кіріп жатыр екен. Жылқы еті арзан бағада кетіп қалмауы үшін, осында оны сою пунктін ашып, өнімді ұқсата пайдалану тетігін қарастыру керек шығар?
-Дұрыс айтасыз. Оны ойластырып жатырмыз. Мал алып, бордақылау бір мәселе болса, оны өткізу жолдарын осы бастан ойластыруымыз керек. Бізге жоғарыдан тапсырма берілген. Шаруаларға несие берген соң, олардың өнімін тұрақты қабылдау, өткізу жолдарын қарастыруымыз қажет. Оны өткізуге шұжық цехын ашылады. Сүтті де өткізетін орын ашылады. Мұны кластер ретінде алдымен малды бордақылап, ет-сүт өңдеу цехтарын жақын жерден жасау ойластырылған. Қазір енді бұл жүйе толығымен жұмыс жасап жатқан жоқ. Бірақ біз бұл жүйені тез арада жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Осы мәселе бойынша жауапты облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы осы шаруашылықтарды аралауды жоспарлап отыр. Сол кезде бұл мәселені ақылдасатын боламыз. Есімхан Досжан бұрын да жылқыны бордақылаумен айналысқан екен. Мұны енді «жас келсе, іске» демекші аудан жастары да қолға ала бастайды деген ойдамыз. Жастарымызға барлық мүмкіндіктерді жасаудамыз. «Жиырма жылқыны бордақылап оны өткізу проблемаға айналмасын» деп жас жігітке барынша қолдау көрсетеміз. Қайтарымы жақсы болады деп ойлаймыз.