КӘСІПКЕРЛЕР КООПЕРАТИВ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҚОЛДАУДА

171

Оранғай ауылдық округінің әкімі болып жақында ғана сайланған Берік Қуандық та ауыл әкімдігінде қызмет атқарғанға дейін жылқы бордақылаумен айналысқан екен. Оның айтуынша, ауылда осы жобаның дер кезінде басталғандығы жөнінде түсіндіру жұмыстары нәтижелі жүргізілді. Қазіргі таңда 51 өтінім қабылданып, соның 23 қаржыландырылып, өз кәсібін ашып отыр. Оранғай ауылы негізінен мал өсіру мен егін шаруашылығына бейім болуына байланысты осы салаға көп көңіл аударылып отыр. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алуда. Солардың бірі –жылқы бордақылау ісін қолға алған Оранғай ауылының тұрғыны Есімхан Досжан алдымен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйренген.

Оранғай ауылындағы Есімхан Досжанның жылқы бордақылау шаруашылығымен танысуға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов пен Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев та келді. Елге танымал кәсіпкерлер Есімханмен шүйіркелесе кетті.

«Жеті миллион теңгені 2,5 пайызбен алдым. Бес жылға есептеп берді. Бес жылда 535 мың теңге қосып қайтарады екенмін. Бастапқыда аяғымнан тұрып алуым үшін бір жыл каникулы және бар. Келесі жылы осындай уақытта несиені төлей бастаймын.

 

— Өзіңнің көңіліңнен шықты ма?

— Әрине. Бес жылда екі-үш рет айналдыруға әбден болады. Айына он мың теңге қосып беремін. Бізге қиын болып отырғаны мына мәселе. Біз етті жіліктеп ауылдастарымызға зейнетақыға, мұғалімдерге айлыққа береміз. Кейбірі үш-төрт айға дейін ұзап кетеді. Соған қиналып қаламын ба деп қорқып тұрмын. Дұрысы қолма-қол ақшаға мал етін өткізетін мал сою цехы, ет комбинаты болса дұрыс болар еді. Сол кезде бизнесіміз де тоқтамай жүрер еді, — дейді жас кәсіпкер Есімхан Досжан.

— Оранғайға Түркістан қаласы тиіп тұр. Біздер түркістандықтардың сексен пайызы жылқы етін жейміз. Біз өзіміз жылқы бордақылап жатқандарды іздеп жүріп табамыз. Өтпей қалу деген проблема болмайтын шығар. Мысалы Атабай деген елді мекен бар. Астананың жартысын етпен қамтып отыр. Бұл жерде мал бордақылаушылар арасында бәсекелестік болады. Қарызға береді. Тезірек өткізіп, бизнесті тоқтатпау үшін бағасын төмендетуге тура келетін кездеріңіз де болады әлі,-дейді Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев.

— Бұл кісілердің айтып тұрғаны дұрыс. Мынаған қараңыз. Мына жылқыларды бидай, кебек, жоңышқа беріп бағып жатыр. Беріп жатқан жем-шөбін көріп тұрмыз. Қазіргі еліміздегі экологиялық таза жем-шөптері екені рас. Сондықтан еті де жұғымды әрі дәмді болады. Бір жерлерде малды тез семірту үшін табиғи емес түрлі қоспалар беріп жатса, Маңғыстауда кебекке картон қағаз қосып береді. Менің Есімханға риза болып отырғаным, өзі өсірген жоңышқа мен бидайын беріп отыр. Бұл қосымша шығыннан құтқарып, өнімнің өзіндік құнының аз болуына сәйкес, бағасын сәл түсіріп сатуына да мүмкіндік әперетін болады.

Мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде осы «Ауыл аманаты» жобасын жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келе жатырмын. Бұл жерде Есімханның ұтатын тұсы, өзімен әңгімелесу барысында аңғарғаным, бұрын да ондаған жылқыларды бордақылаған тәжірибесі бар екен. Оранғай ауылының төңірегінен өнімін алысқа шығармаған азамат ретінде қорқынышы бар. Ол уақытша нәрсе. Жылқы етінің сиырдан айырмасы мынадай. Жылқының етін ішек қарынын қосып, түгел қалдықсыз алып кететіндігінде. Күні ертең Шымкент, Жамбыл, Алматы, Астанадан тапсырыстар көптеп түсіп, өзінің ойлаған бағасына өте бастаған кезде, Есімхан малын көбейтіп, кісі жалдап, тағы да несие алуға ұмтылатын болады.

— Есімхан жылқыны бордақылаумен бес-алты жылдан бері айналысады екен. Кезінде отыз жылқыны да бордақылапты. Яғни, сату тәжірибесі бар деген сөз. Тұрақты әрі сенімді алушылардың тізбесі де қалыптасқан. Қазіргі кезде айына он мың теңге несие төлеу су тегін нәрсе. Бұл біле білген адамға Мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып отыр. Біз де айына пәтерге он мың теңге коммуналдық төлем жасап отырмыз ғой. Ертең-ақ Түркістан қаласының қасаптары бір дәнігіп алса, өздері-ақ іліп кетеді. Әлеуметтік желіден көріп жетіп келеді. Саспа,-десті қос бірдей халық қалаулылары. Осылайша, Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың, аудандық ардагерлері кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметовтің баталарын, облысқа танымал кәнігі кәсіпкерлер мен халық қалаулылары Баймахан Тоймахан мен Сержан Байсбаевтардың, ауыл әкімінің ақыл-кеңесін алған Есімхан Досжанның бойындағы қорқынышы басылып, тың күшпен, еш алаңсыз жылқы малын жем-шөппен жайластыруға құлшына кірісіп кетті.

Шындығында, «жесең тісіңе кіретін, жемесең түсіңе кіретін» жылқы етін түркістандық қасаптар өздері-ақ жайғастырып, жетер жеріне жеткізетін сыңайлы.

Оның сыртында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай: «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет.

Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн»,-деп Президент нақты тапсырма берді.

PS: Ендеше, еліміздің Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуы үшін жасымыз да, жасамысымыз да «Үкімет асырайды» деген масылдық пиғылдан арылып, кәсіптің барлық түрін дамытуға арналған жеңілдетілген несие алу арқылы кәсіп ашуға, «Қарызсыз қоғам» құруға бел шеше кіріселік.

Түркістанның «Қазақстандағы ең арзан қала» атты байырғы атақ-даңқын қайтаруға бірлесе үлес қосайық дегім келеді.

Ескендір ЕРТАЙ.