ОЙЫҚТЫҢ ЖАЙЫ ОЙЛАНДЫРАДЫ САНДА БАР ДА, САПАДА ЖОҚ

145

Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінің орталығы Ибата ауылынан 18 шақырым, Кентаудан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Ойық ауылы жиырма бірінші ғасырда өркениеттің иісін де сезіп отырған жоқ.

Жалпы елді мекеннің аумағы елу гектар. Бар жоғы 39 үй бар. Онда байланыс жүйесі жүргізілмеген. «Жедел жәрдемнің» жетуі қиын. Жол жоқ. Далалық жол ғана бар. Ауыз су жеткізілмеген. Жарық болмағасын Интернет жоқ. Табиғи газдың жәшіктері әрбір үйдің маңына орнатылғанымен, әлі үйлеріне кіргізілмеген. Көмір қымбат болғандықтан ағаш отын, малдың қиын жағып күн көріп отыр. Мұнда тек балалары қалаға кеткен қарттар ғана күнелтуде. Бау-бақшаға қажетті судың өзі жазға қарай құрғап, күзде мүлдем болмай қалады. Қарттар 70 бас ірі қара, 665 бас уақ мал, 39 бас жылқы, жетпіске жуық құспен жанын бағып отыр. Оқу жылы аяқталса, балалары немерелерін әкеліп, қуантса екен деп күтулі.

 

ӨРКЕНИЕТ АТАУЛЫДАН АДА

Ауыл ақсақалдарының айтуына қарағанда, Ойық ауылы 1932 жылдары бой көтерген. Ағылшындар Ащысайдан алтын-күміс өндірген кезден бастап, мұнда алыс-жақыннан жалдамалы жұмысшылар келе бастаған. Ойық руының адамдары көп болғандықтан елді мекен Ойық атанған. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен есік алдындағы бау-бақша өсіру және өндіріске жалданып жұмыс жасау. Ауыл маңынан кезінде тар табанды теміржол желісі жұмыс жасаған екен. Одан Ащысайдың кені тасылып қана қоймай, жолаушылар да қалаға қатынайтын болған. Ауыл ақсақалдары әлі күнге дейін Ұлы Жеңісті жақындатуға Ащысайдың қызметі зор болғандығын мақтанышпен айтады. «Жауға қарсы атылған он қорғасынның тоғызы осы Ащысайдікі» деседі.

Түркістанда, Кентауда, Шымкентте тұратын балалары апта сайын хабарласып, қариялардың жағдайын біліп тұрғанымен мұнда ешқайсысының тұрақтағысы жоқ. Себебі белгілі. Тым-тырыс. Жұмысы қайнап жатқан Жапонияның әрбір тұрғыны жүйке жүйесі сырқатынан қатты зардап шегеді екен. Себебі, мемлекет қарызға әбден батқан. Кәсіпорындар жұмысшыларды ипотекалық несиемен жүктеген. Сондықтан, үй бетін көрмейтіндер көп. Осыған байланысты денсаулық министрі жартылай жұмыс күніне көшіп, барынша табиғатқа шығуға үндейді. Міне, осы өркениеттен ада Ойық секілді ауылда он күн болса жапон бауырларымыздың жүйкесі қалпына келіп, мүмкін мұнда тұрақтап қалуға да келісер ме еді?!

 

МЕКТЕБІ ЖАБЫЛУҒА

ШАҚ ҚАЛЫП ТҰР

Мұнда Ойық ауылы ашылған тұста салынған бастауыш мектеп бар. Ойық ауылында балабақша жоқ. «Ойық шағын жинақталған бастауыш мектебі» оқушыларға білім берумен айналысады. Мектеп 1971 жылы қайта жөндеуден өткізілген. Ыңғайластырылған 20 орындық. Бастауыш мектепте үш мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде, педагог сарапшы-1, модератор-1, санатсыз-1.

2022-2023 оқу жылына 8 бала білім алуда. Оқушыларға білім стандарттарына сәйкес білім берілуде. Жыл сайын «бала санының аздығына байланысты жауып тастаймыз» деп Сауран аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімі басшылығы қоқаңдайды. Бір жағынан, «балаларыңды, немерелеріңді қастарыңа алып, демографиялық жағдайды жақсартыңдар. Сол кезде мектепте оқитын бала саны көбейеді» деген емеуріні болуы да бек мүмкін. Бірақ, қариялар аяғы жеткен жерге дейін барып мектепті жапқызбай тіресіп отыр. Өзі әрең күн көріп отырған бастауыш мектептің бір бөлмесінде медициналық бекет орналасқан. Бірақ ондағы медбикені күндіз шам алып іздеп, табудың өзі оңайға түспейді.

 

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ

ЖЕТУІ МҰҢ

Қарттар қысылып қалған жағдайда Кентаудан немесе Түркістаннан жедел жәрдем келеді. Бірақ оны шақыратын байланыс құралы желді күндері істемейді. «Бізде қысы-жазы жел болғандықтан ауру-сырқауға әсер ететін инфекциялар ұшып кетеді. Оның сыртында жейтін тағамдарымыз, ас-ауқатымыз бәрі табиғи болғандықтан сырқатқа сыр алдырмаймыз» деседі қариялар. Бірақ, ертең өркениеттің жарқын үлгілері келе бастаса, қалада әке-шешесін уайымдап жүрген ұл-қыздарымен қауышқысы келетіндігі көздеріндегі мұңдарынан көрініп тұр. Жақында жедел жәрдемнің кешігуі салдарынан жетпістегі Бердәлі Бекбосынов деген ақсақал дүниеден озды. Осындайда Мұқағали Мақатаевтың: «Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп әнеки жағада тұр»,-деген шумақтары еске түседі.

 

ТАСБАУЫР ҰЛ-ҚЫЗДАР ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

 

Балаларымыздың неліктен тасбауыр болуының себебін жақында анықтадым. Арыстанды, жолбарысты, аюды қолға үйреткен ағайынды Запашныйлармен Қостанайға келген сапарында сұхбат жүргіздім. Қасқырды қолға үйретіп, оны белгиялық овчаркамен будандастырып, бөлтіріктерін шекаралық қызметке тартуды армандап жүрген марқұм Қайрат Тұрлыхановпен де сырлас дос болдым. Сонда аңғарғаным, туған бойда кез-келген аңның күшігін адам жүрегінің тұсына басып, еміренсе, ол жыртқыш аң ешқашан сол кісіні тастап кетпейді екен.

Келмеске кеткен Кеңес Одағының ең бір сұрқия саясатының бірі- перзентті туған бойда жуындырып-шайындырып, кептіріп, босанған келіншекті де солай жасап, үш-төрт сағаттан соң ғана, шарананы әкеліп төсіне жатқызады екен. Ал, ол кезде дүниеге келген шаранасы анасының ақ уызын іше алмай, жылай-жылай өксіп, жүрегіне қан қатып, өкпелеп, құсаланады екен. Анасы да ол кезде баласынан күдер үзіп, «өлі тудым» деген күдікпен сүті де қайтып кетеді екен. Ендігі жерде, мемлекет құрғақ қоспа сүтпен баланы асырайды. Яғни, бұл бала мемлекетті қорғауға кез-келген уақытта дайын әскери адам деп есептеуге болады. Міне, біз күні кешеге дейін жетпіс жыл бойында осындай тасбауыр ұл-қыздарды тәрбиелеп келдік. Кезінде ауыл арасында үлкен әжелеріміз қолдан босандырып алған балалары «кіндік шешем» деп оларға сый-сияпат жасап өмірбақи ұмытпайды. Тау бөктеріндегі ғажайып демалыс орны, шипажайға сұранып тұрған Ойықтағы ата-анасын қиып, қалада жүрген қаракөздердің жайын түсіне алмадым.

 

ӘКІМДЕР УӘДЕНІ

ҮЙІП ТӨГЕДІ

Сауранның тұңғыш әкімі Ғани Рысбеков Ойық ауылының адамдарымен кездесуде жақында байланыс операторлары Билаин, КсеLL, Қазтелеком компанияларымен келісіп, жүзеге асыруға болатындығын айтып елді қуантты.

Екінші мәселе, осы Жаңа Иқан ауылынан 12 шақырымда орналасқанымен бұл ауылға қарай асфальт жол жоқ. Осыған орай аудан әкімі бұл аралыққа әзірге тас төсеп беруге уәде етті. Бірақ екеуі де әлі орындалған жоқ. Бір жақсысы аядай ауылдың іргесінен Кентау-Ащысайға баратын магистральдық жол өтеді. Осы арқылы көпшілігі қалаға қатынауда.

Ауылдың қашан көркейетіні туралы Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаевқа жолығып, Ойық ауылын көркейтудің алдағы жоспарлары туралы сұрадық. Ауыл ақсақалдарының ең басты сұрағы ауыз су мәселесін шешу болып отыр. Өйткені, таудан келетін су қыста қатып қалады да, біршама қашықтықтағы колонкадан тасып ішеді. Бұл қарияларға оңай емес. 2015 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен 205 метрлік тереңдіктен су шығаратын құбыр қазылды да соңында оны ауылға жеткізетін желілері тартылмай, тоқтап қалды.

Тахир Абдаевтың айтуынша, Ойық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларына бюджеттен қаржы бөлініп, әзірленген. Әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жалпы құны-162008,195 теңгені құрайды. 2018 жылы тапсырыс беруші Кентау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі болған. Әзірленген жобаға «КАЗНҰР» арқылы 2022 жылы қайта түзету жұмыстары жасалынып, жобалық-сметасы 259518,0 мың теңге болды. Бір гектар аумақты алатын су құбырының сыйымдылығы 70 текше метр. 4993 метрге полиэтилен құбыры тартылады.

Ойық ауылында «KUMBEZ CONSTRUCTION» ЖШС арқылы газдандыру жұмыстары жүргізілген. Алайда, құрылысы толық аяқталмаған. Жақында барлығы қайта тексеруден өткізіліп, әр үйдің ішіне кіргізу мәселесі қаралады. Ол мәселемен қазіргі таңда «Күмбез» ЖШС айналысуда. Құрылыс жұмыстары күзге дейін аяқталып, қысқы жылу беру маусымына дейін әр үйге табиғи газ кіргізілетін болады.

Байланыс жүйесіне келер болсақ, Ойық ауылында Теле-2, Актив, Билайн антенналары орнатылмаған. Тұрғындар интернеттен пайдалануда. Бірақ интернет өте нашар жұмыс істейді. Себебі, бұл ауылда жыл он екі ай бойы жел тоқтамайды. Ойық ауылы тұрғындары жарықтандырумен толық қамтылған.Тозығы жеткен бағаналар мен электр сымдарын ауыстыруға жұмыстар жүргізілуде. Елді мекенде екі көшесі бар. Жалпы ұзындығы 2,95 шақырым, қиыршық тас жолы бар. Ауылдық округі бойынша Хашимов Бахрам Алижанұлы учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс атқарады. Ауылдық округіне полиция қызметкерінің қажеттілігі бар. Бүгінгі таңда тиімді жұмыс атқаруда.

 

ҮЙ САЛУҒА ЖЕР БӨЛІНСЕ, ҚЫЗЫҒУШЫЛАР КӨП

 

Тахир Абдаевтың айтуынша, Үкіметтің электронды поштасы арқылы Ойықтан жер алып, тұрғын үй салуға өтініш бергендердің қарасы молайған. Басқа елді мекендердегідей мұнда да жер мәселесі қиын. Ойық елді мекені аумағында 130 гектар ортақ жайылымдық жерге мемлекеттік акт рәсімделген. Жақында қосымша 500 гектар жер қайтарылып, елді мекен ортақ жайылымына қосу мақсатында жер қатынастар бөліміне хат жолданған.

Елу отбасына тұрғын үй салуға арналған жер бөлінген. Ендігі жерде оның инфрақұрылымын жасау мәселесі тұр. «Енді екі жылдан кейін зейнетке шықсам, осы Ойықтан үй салғым келеді»,-деген еді Сауран ауданының бұрынғы әкімі Ғани Рысбеков елді мекен тұрғындарымен кездесуде.

Өркениет белгілері біліне бастаса, мұнда Кентауға кететін магистраль бойындағы Қатынқамал су тоспасын қалпына келтіріп, күрделі жөндеуден өткізілсе, онда жарты миллион текше метр суды жинап қана қоймай, балық шаруашылығымен де айналысып, жағасына саяхатшылардың демалыс орнын ашуға да болады. Қазіргі таңда Қатынқамал су тоспасы «Тұран су» ЖШС-нің қарамағына өтті. Ауыл биі Тұрманбай Бисембаевтың айтуына қарағанда, көнерген Қатынқамал су тоспасына қызығушылар қатары өсе түскен.

Қазіргі таңда Ойық ауылының бас жоспары жасалған. Енді оны жүзеге асыру ғана қалып отыр.

Ауыл биі Тұрманбай Бисембаев ауылға салынатын медициналық бекеттің жері белгіленгендігін, егер де билік оны салып беруге қаржы бөлмесе, онда ауылдастар бірлесіп «Асар» әдісімен салып алуға болатындығын айтады. Ал, Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаев медициналық бекеттің аудандық денсаулық сақтау бөлімінің құзырына берілгендігін айтып, таяу арада бұл мәселе де шешімін табатындығын мәлімдеді.

 

ИМАНДЫЛЫҚ ҮЙІ

БОЙ КӨТЕРДІ

Кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты болған кәсіпкер Нұрбах Рүстемов ауыл маңынан әк тас және цемент шығаратын зауыт салудың қамында жүр екен. Ауыл ақсақалы Данахмет Қоңқабаевтың ұлы Нұржол Қоңқабаев Жаңа Иқаннан заманауи жылыжай ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, туған ауылына демеушілік көрсетіп, әдемі, шағын ғана жүз адамдық мешіт салып беріпті. Әрбір кәсіпкер өсіп-өнген аядай ауылдарын естерінен шығармай, қарттарына көмектесіп, материалдық-моральдық тұрғыда осылай қолдау көрсетіп отырса, тау бөктеріндегі Ойық ауылының аз ғана мерзімде кісі қызығатындай жайлы да, көрікті елді мекенге айналатыны белгілі. Бәрінен бұрын мұнда жастарды тартудың қажеттігі тайға таңба басқандай көзге ұрып тұр.

Ескендір ЕРТАЙ.