ЕРЛІКПЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР

123

Міне, биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, неміс басқыншыларының жеңілгеніне, мыңдаған жүректі сыздатқан қанды қырғынның тоқтағанына 78 жыл толып отыр.

78 жыл.

Бұл — бір толқын ұрпақтың ерлікпен, адамгершілікпен, туған елге деген сүйіспеншілікпен өрілген ғұмыры. 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 04:00-де неміс басқыншылары алаңсыз ғұмыр кешіп, шырт ұйқыда жатқан Кеңес еліне тарпа бас салды. Туған жерді жат жерліктердің иемденбеуі мен ұрпақтарының өз жерінде құлдық өмір кешпеуі үшін әрбір саналы азамат қолына қару алып, майданға аттанды. Соғыс майданда да, тылда да жүріп жатты.

Сол кездегі майданға аттанған жастар, әкелер мен әпкелер бейнесі біздің жадымызда «мәңгі жас» күйінде қалып қойды. Олар бүгін 90-да, я болмаса 100- ден асып кетсе де, біз үшін жалындаған жас болып, санамызда жатталып қалды. Қайсарлық пен өжеттік, ерлік пен батырлық кернеген жүректерден өшпенділік ызасы жауға соғыс оғын бұршақша жаудырды. Бірақ қанша кек пен ыза кернесе де, Кеңес әскерлері адамгершілік туын жоғары ұстады. Қолға түскен тұтқындарға рақымшылық жасау, бораған оқ астынан немістің сәби қызын аман алып қалу үшін кеудесіне басқан, кеңес жауынгерінің бейнесі — бүкіл әлем мойындаған парасаттылық бейнесі емес пе?

1418 күн…

Бұл күндердің әрбір минуты мен сәттері талай адамның тағдыры болып, кітап беттерінде сайрап жатыр. Ал, жазылмай қалған қаншама тағдырлар, белгісіз жауынгердің қабірі болып қалған зираттарға тіл бітсе, қаншама том-том кітаптар дүниеге келер еді?! Өшкен үміт қайта жанып, сөнген оттың дерегін тапқанына риза болған жандардың қуанышында шек болмас еді… Бұл күндерде не болмаған десеңші…

Әлпештеп, алақанға салып өсірген құлынын «тірі» деген аты болмаса, тұлып болып оралғандағы ананың күйзелісін кім түсініп, кім жояды?.. Сол кездегі оқ пен оттан аман-есен елге келген жауынгерлер мен тылда еңбек еткен тыл ардагерлеріне қандай сый-құрмет көрсетсек тe жарасады.

Менің әкем де Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман — есен оралған жауынгерлердің бірі еді. Бірақ кейде түн баласына ұйқы көрмей, қиналып шығатын. Қабағын шытып, оқ тескен иығын сипалап қойып, «Бұл күнге де тәубе!» деп өзінің жұмысына кете баратын. Әкемнен қалған сарғайған қағаздар мен тот басқан медальдар, ордендерді қолыма алып, үңіліп отырмын…

«Әттең, жас кезімізде осы әрбір жәдігер болып қалған заттардың тарихын неге жете зерделемедім екен?» — деп ойланамын. Әр кез ысқылап сүрткенмен, иесін іздегендей күңгірт тартады. Бұл құнды жәдігерлердің иесі — менің әкем Тәшенов Нұрыш 1926 жылы 17 мамыр күні Бабайқорған ауылдық кеңесіне қарасты Абай ауылында туылған. 7 жылдық мектепті бітірген соң, есепші болып жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Маршал Рокоссовскийдің басқаруындағы 143c/д 800 c/n әскери бөлімінде жауға қарсы соғысады. Сол бір сұрапыл жылдардағы жанқиярлық ерлігінің куәсіндей болған орден, медальдары үнсіз тіл қатады.

Олар:

  1. «Даңқ» ордені дәрежесі,
  2. «Даңқ» ордені дәрежесі,
  3. «Ерлігі үшін» медалі,
  4. «Берлинді алғаны үшін» медалі,
  5. « 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін»,
  6. «Ұлы Отан соғысында Жеңістің 30 жылдығы»,
  7. «Еңбек ардагері» медалі. Тағы да бірнеше медальдері баршылық.

Әкем елге оралғанында көрген қиыншылықтарын үйде, бізге көп айта бермейтін. Тек сол иығындағы жарақаты жайлы, «Одер өзенінен өтіп бара жатқанда, оқ бұршақша жауып, қайығымыз суға аударылды. Қаншама қарулас достарымнан айрылдым. 6 ай госпитальда жатып, елге кайттым» дейтін. Әскери билетіндегі «Свакогоспиталь-2559. Проникающего сквозного пулевого ранения левой плечев сустав» деп қара түсті сиямен жазылған жолдар III топтағы мүгедек екендігін айқындайды. 1946 жылы елге оралып, бейбіт еңбекке араласты. «Куйбышев» атындағы совхоздың Абай ауылында есепші, қоймашы болып жұмыс жасады. Сонда осы мүгедек тобына ақша алғанын естіп те көрмеппіз. Ол кезде бермейтін бе білмейміз тек адал еңбегіне ғана алатын.

Жеңіс күнінің қарсаңында әр жылы Абай атындағы мектепте оқушылармен кездесіп, соғыс жайлы, майдандағы ерлік пен батылдық, туған елге деген жауынгерлердің шексіз сүйіспеншілігі туралы әңгіме айтатын. Соңында «Ол күндер қайтып келмесін, сендер тыныш заманда өмір сүріңдер», — деп аяқтайтын. Абай ауылындағы көшенің бойында Ұлы Отан соғысының ардагерлері тізіліп келе жатса, менің кеудемді әкеме деген мақтаныш кернейтін. Олар: әкем — Тәшенов Нұрыш, Өтегенов Сұлтан, Бұлдырықов Зайырхан көке, Fаппаров Сұлтан көке, Базарбаев Тоқсанбай көке бәрінің кеудесіндегі орден, медальдары сыңғырлап, ерліктерін айғақтап тұратын.

Бұл ардагерлерден тек Тоқсанбай көке ғана Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге жетті. Әкем 1982 жылы дүниеден озды. Әкем Нұрыш пен анам Сәлиядан өрбіген 6 перзентінің 2 ұл, 2 қызы — мұғалім, 1 қызы — есепші, 1 ұлы — шопыр болып еңбек етуде. Әкем жанұямызда да, ауылда да өте сыйлы жан болды.Бұл күндері әкеміз бен анамыздың өнегелі ғұмырының жалғасы перзенттері мен немерелері, шөберелері өсіп жалғасуда. Мен осынау бір дүбірлі жылы, Ұлы Жеңістің 78 жылдығына өз үлесін қосқан барша ардагерлерге басымды иемін. Жеңіс туы мәңгілік желбірей берсін!

 

Әбутәліп ТӘШЕНОВ,

Абай ауылының тұрғыны.