ЕҢБЕК ЕПТІЛІКТІ СҮЙЕДІ
Қыстың қамын жаз ойлайтын ауылымыздың қыз-келіншектері қысқы азық дайындауды бастап та кетіпті. Үй шаруасына пысық келіндердің бірімен тілдесіп, оқырмандарымызға оны үлгі ету мақсатында осы мақаланы жазып отырмыз.
Жолдыбаевтар әулетінің келіні Молдабаева Ұлшат Төлеби ауданы, Мәдени ауылының тумасы. Ол 2010 жылы Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе ауылының тұрғыны Жолдыбаев Досханмен отбасын құрған. Ұлшат жеңгеміз дүниеге бес перзент әкеліп, бүгінде бір отбасының отанасы атанған.
— Күз мезгілі жеткенде өзім ұнататын істің бірі – банка жабудан қол үзген емеспін, — деп бастады әңгімесін Ұлшат.
— Қыста жеміс- жидектерді табу қиын, әрі олардың бағасы да шарықтап кетеді. Бұрын өз ауылымда анам екеуміз банка жабатынбыз. Қазір бұл іске ұл-қыздарым қолғабыс етіп, отбасы болып бірге еңбек етеміз. Осы күні көкөністен 9 түрлі өнім консервілеудеміз.
Күніне орташа есеппен 150-250 банкі жабамыз. Бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 3 гектар жер теліміне консервілеуге қажетті көкөніс егіп, түскен өнімді кәдеге жаратудамыз. Қазіргі кезде лечо, цицибели, икра, баклажан, отжига салаттарын жасаудамыз. 2 литр банка бағасы 1000 теңгеден.
Тұтынушылар өздерімен бос банка әкелмейді. Барлығы өзімізден. Банка жабу маусымы қазан айының аяғына дейін созылады. Бұл кәсіпті отбасымызбен өз қаржымызға бастағанбыз. Аллаға шүкір жылына 10 000-нан астам консерві дайындаудамыз.
— Жолдасым Досхан көктем мезгілінде жер қопсытып, бақша орнын дайындайды. Одан кейін енем екеуміз күзде дайындап қойған дәндерді отырғызып, бақша егуге көмектесеміз. Шарбақ іші жайнап тұрғаны жақсы ғой. Таза ауа мен жайқалып тұрған бау-бақша шаршағаныңды басып, көңіліңді бір сергітіп тастайды. Енемнің еңбекқор жан екенін көріп, осындай отбасына келін болып түскеніме қуанамын.
Біз жолдасым екеуміз де қарап жатпай, әр кезде де отбасылық іске білек түре кірісіп кетеміз. Бұл біздің отбасының бір ерекшелігі десем, артық айтқаным болмас. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, отбасымызбен ала жаздай маңдай терімізді төгіп, өсірген өнімімізді қалайша мақсатсыз жұмсайсың? Енемнің еңбегін бағалаған мен әрбір жемісті, әрбір көкөністі пайдаға жаратуға тырысып отырамын.
Сол себепті жыл сайын өз бау-бақшамыздан шыққан өнімдерді қысқа дайындап, консервілеп, банкаға жауып тастаймын. Банка жабу науқаны басталып кетті. Қазірдің өзінде 250-ге жуық банка дайын. Негізінен қияр мен қызанақтан бөлек компот, салат, лечо салатын жапқанды ұнатамын,- деген ибалы да еңбекқор келін Ұлшат өз ісінің қыр-сырын енесі Закира Төлентайқызынан үйренгенін де жасырған жоқ.
Кейіпкеріміз салт-дәстүрін ұстанған инабатты келін. Енесінің есімін айтпады. Сол жерде таныстарынан сұрап білдім.
Осы ретте Ұлшаттың енесі Закира Төлентайқызын да әңгімеге тарттық.
— Келінім Ұлшатқа көңілім толады. Ақ босағаны аттағалы өзінің өніп-өскен жерден шыққанын байқатуда. Осындай қызды тәрбиелеген ата-анасына рақмет. Осы кәсіпті 2020 жылдан бері қолға алғанбыз. Негізі біз банканы өзімізге жабатынбыз. Өзімізден артылғанын басқа ұл-қыздарымызға үлестіріп отыратынбыз. Аулада жер жетеді.
Осыны кәсіп етіп, саудаға шығарсақ деген ой келіп, істі бастап кеттік. Ұлым Досхан мен келінім Ұлшат қоштап кетті. Қазір немерелеріммен бірге таң атқаннан күн батқанға дейін еңбек етудеміз. Кәсіп алға басып келеді, — деді Закира апа.
Біз барғанда сатып алушылардың да қарасы мол екен. Олардың да ойлары қызық болды. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінді.
— Біз былтырда осы кісілерден консервілердің түр-түрін алғанбыз. Өте дәмді шықты. Кәсіптері алға баса берсін. Барлығы табиғи өнім болғандықтан дәмі тіл үйіреді. Сіздерге де кеңес беремін. Алсаңыздар өкінбейсіздер, – деді бір тұтынушы.
Иә, кейіпкеріміз өз ісін жақсы көріп айналысатыны көрініп тұр. Ұлшат қарапайым банка жабуды кәсіпке айналдырып, одан нәпаха тауып отыр. Ал, сіздер қандай істі жақсы көресіздер. Оны кәсіп етуге ойларыңыз бар ма? Бүгінгі кейіпкеріміз көптеген «жұмыссызбын» деп отырғандарға үлгі болады деп ойлаймын.