АНА МЕН БАЛА БАҚЫТЫ ЖОЛЫНДА

464
Қарақұм ауыл округінің кітапханасында «Аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы ТАЙТЕЛИЕВА Гулияның ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбында кеш өтті. Аудандық кітапханалар жүйесінің директоры ЕСПЕНБЕТОВА Феруза бір топ мамандарымен келіп, іс-шараның мазмұнды өтуіне атсалысты.
Басқосуды Қарақұм ауылдық кітапханасының меңгерушісі СӘУЛЕБАЕВА Жанат жүргізді. Алғаш сөз алған Гулия Әбдіқайымқызы әрбір отбасындағы ата-ана баланың бақытты болуына жанашырлық жасайтынына қарамастан кейде ішінара бала құқығының бұзылуына жол беріліп жататынына тоқталды. Арамызда құқық қорғау органдарының тізіміне іліккендер де баршылық.
Оның негізгі себебінің бірі — отбасындағы тәрбиенің нашарлығы. Перзент дүниеге келген соң, өсіп-жетіледі. Ата-ана тарапынан өмір сүру қабілетін үйрене бастайды. Бірте-бірте мінезі қалыптасады. Жақсыны да, жаманды да ой елегінен өткізеді. Оның қандай болуы ата-ана мен қоршаған ортаға байланысты.
Осы кезеңде, одан кейін де балаға ата-баба дәстүрімен қалыптасқан ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді бойына сіңіру маңызды. Баланы еңбекке баулу да тәрбиенің негізгі құралы. Ислам дінінің уағыздары да жат емес. Дін адамзатты қалыпты өмір сүруге, ата-ананы сыйлауға, имандылыққа, шыншылдыққа, мейірімділікке үндейді.
Соған қарамастан қазіргі кезде бала құқығының бұзылып, зорлық-зомбылық оқиғалары кездесуде. Отбасында «Әке көрген — оқ жонар, шеше көрген — тон пішер» деген үлттық құндылықтың кемшін тұстары себеп болса керек. Осындай жіберіп алған кемшіліктерімізді күнделікті саралап, талдап, оны болдырмау жолдарын көрсетіп отырғанымыз жөн.
Ал, отбасындағы тәрбие негізінен аналарға жүктелген. Перзентке ең бірінші ана сезімі, ана махаббаты қажет. Бала ана мейірімін аңсайды. Ұлтымызда әйел-анаға деген құрмет ерекшке болған. Нұрила, Ұлжан секілді аналар ұлт мақтанышына айналған. Олар өз заманында салт-дәстүрді ұстанып, қоғамда, өз ортасында аналық қасиетімен үлгі болған. Дегенмен, қазіргі заманда аналардың құқығы тапталып, зорлық көріп жатқаны жасырын емес.
Әрбір әйел аналық борышына адал болғаны жөн. Оған ең бірінші ата-анасының тәрбиесі де әсер ететіні рас. Жалқаулық, еріншектік, әсіреқызыл мінез көрсету —анаға жат құбылыс. Мінез кемшілігінен де отбасының шырқы бұзылып, ажырасу орын алады. Осындай кемшін жағдайларға ерлердің де ақылға сиымсыз әрекетттері себеп болады. Тұрмыста бала тәрбиесіне көңіл бөлінбей, жағымсыз оқиғалалар орын алады. Ана мен бала құқығының бұзылуы осындай факторлардан туындауы мүмкін.
Арамызда перзент тәрбиесін жақсы жолға қойып, үлгілі отбасы атанғандар көптеп саналады. Олар бала бақытын ең бірінші орынға қояды. Шақырылған қонақтардың ішінде осындай ұлағатты ата-аналарға сөз берілді. ИСМАИЛОВ Мейрамбек өмірлік қосағы Камшат екеуі 6 ұл-қыз өсіріп отыр. «Қара шаңырақта отырмыз. Әкеміз жасы тоқсанға келген көпті көрген ұлағатты жан еді. Оның әрбір ісінен үлгі алып өстік. Балаларды әйелімізбен ақылдаса отырып тәрбиелейміз», — дейді ол.
ДҮЙСЕНБИЕВА Әлия көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі Сұлтанбек кітап, газет-журналды көп оқыған салауатты азамат болыпты. Анасы Раушан өлең құрастыруға, ән айтуға құмар жан екен. Отбасында әнші, күйші сияқты өнерпаздар көп. Әлия солардан көп тәлім алған. Бүгінде Бейсенов Сәкенмен отбасын құрып, өнегелі 6 ұл-қыз тәрбиелеуде. «Баларларға ұлттық тәрбие берумен қатар, кітап оқуға, мақал-мәтел айтуға үйретудің маңызы зор», — дейді Әлия. Оның қызы Аруна кітапхананың тұрақты оқырманы. Кітап оқумен қатар, қазақ поэзия өкілдерінің шығармаларын жатқа айтып, жарыстарда бәйге алған.
Ол жиналған көпшілікке Мұқағалидың «Үш бақытым» өлеңін жатқа айтты. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ДОСЫМ Құрманбек қоныста адамдар тату-тәтті өмір кешіп жатқанын, әртүрлі жағдай орын алуы мүмкіндігін, оларды кезінде тезге салып отыру жөн екенін, жақсы жақтарымызды көбірек насихаттау керектігін айта келе, бұрынғы кеңшар кезінде көпұлтты халықтар өмір сүргенін, ешқандай алауыздық болмай, бірлікте болғанын еске алды.
ЕСПЕНБЕТОВА Феруза Жапонияда баланы 5 жастан бастап жан-жақты тәрбиелей бастайтынын, өзбек халқы кішіпейіл келетінін, танымаса да иіліп сәлем беретініне мысал келтіріп, қазақтың ұлттық тәрбиесіне зор мән беру қажеттігін тілге тиек етті.
Ісшараны Г.Тайтелиева қорытып, өнегелі ұрпақ тәрбиелегені, кездесуде белсенділік танытқаны үшін және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты Исмайловтар /суретте/ мен Бейсеновтердің отбасына Алғыс хат тапсырып, абзал аналардың бастарына орамал жапты.
Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.