ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЕТІК ТІККЕН ЖАУЫНГЕР

561
Жиырма төрт патшалықтың жерін басып, жер шарының 54 мемлекетін ара­лап, 48 медаль олжалап, қазақ ұлтының ру­хын асқақтатып бүкіл әлемге та­ныт­қан, түркі халықтарының ішінде қа­зақ­тың ғана маңдайына біткен, дүние­жү­зілік сайыста әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы, туғанына 150 жыл толып отырған күш атасы Қажымұқан ба­бамыздың ел ішін аралап өнер көр­сет­­кеніне жұртшылық қанық болса ке­рек.
Сон­дай сапардың бірі 1947 жылы шал­­ғайдағы Созақ ауданы Созақ ауы­лының айналасындағы колхоз­дар­ды ара­лап өнер көрсетуі десек болады. Сол бар­ған сапарында Созақта Тұяқов Әб­тіқайым деген кісінің үйіне түскен екен.
Кісіге дастарқан жайып күтіп, шығарып салатын үйдің қатарының да тым аз кезі ғой. Әбтіқайым соғыста жараланып, бір ая­ғы жуан санынан кесілген, елге ерте ора­лып, шаруашылықта бас­шылық қыз­метте жүр­ген. Сол кездегі өлшеммен қарағанда тұр­мыс-жағдайы Қажекеңді күтіп алуға лайықты деп ұйғарым жасалса керек. Көр­гендердің айтуынша, Қажекеңнің қасында әйелі және арбакеші болыпты. Дастарқан ба­сында Қажекең бір етік тіктірейін деп едім десе керек. «Ол шаруаны бізге қал­ды-ры­ңыз, осы ауылда соғыстан келген Исаев Тікен (азан шақырып қойған аты Омар) де­ген шебер етікші бар, соған тіктіртеміз» деп кеу-кеулейді отырғандар.
«Олай болса, онда етікшіні дереу шақырыңдар» дей­ді. Күтушілердің бірі жүгіре басып, етікшінің үйіне келсе басын көтере алмай қатты ауы­рып жатыр екен. Ауырып жатса да Қажы­мұқан шақырып жа­тыр дегеннен кейін күш-жігерін жиып, Әб­ті­қайым­ның үйіне үш рет демалып, бір са­ғат­­тай уақытта әрең жү­ріп келсе, Қа­же­кең төр­де қос жас­тық жас­танып, ұзынан түсіп, шөк­кен нардай болып жатыр екен дейді. Содан етікші келді де­ген дауыс естіліп қа­ла­ды. Қа­жекең «осы маң­дағы ауыл­дарды аралап қайт­қанша етік дайын бо­латын бол­­сын» дейді. Па­луан­­­­ның ру­хы күш бер­­­­ді ме ба­ғанағыдай емес, кіш­кене қозға­лы­­­­сы ретке келіп Қа­же­­­кеңнің аяғын, бал­ты­­­рын, санын өлшеп ала­­ды.
Ті­кен ағамыз со­ғысқа 1942 жылы ат­та­нып, соғыстың ба­сынан аяғына дейін қатысып, елге 1946 жылы бір жыл кешігіп оралыпты. 1943 жы­лы 14 қазанда За­порожье қаласын жау­дан азат етуге қа­тысқаны үшін Ста­линнің алғыс хатын алған. Өте сымбатты, аяқ киімді өте сұлу тігетін шебер кісі еді. «Жеңгеміз Аманды Созаққа қыдырып келген жерінен, көзі түсіп ұнатып, керемет сәнді туфли тігіп беріп, се­зі­міне бөленіп, өзіне қаратып алған еді» деп ауылдастары да, бірге жұмыс істеген етік­шілер де айтып жүретін. Аман жең­геміз­ден сегіз перзент (бес ұл, үш қыз) көріп,өте тату-тәті ғұмыр кешіп, 1966 жылы 60 жа­сында ауыр науқастан қайтыс болды. Аға­мыздың атының Тікен ата­луы­ның сыры мұр­ты қәдуелгі аттың қылындай болғандықтан жеңгелері «Шөңге» деп атап кетуінің сал­дары ма екен деген ой келеді.
Қа­жекеңнің аяғының өлшеміне келетін қа­лыптың табылмайтыны айтпаса да түсі­нікті, содан алдымен қалып құрастырудан бас­тайды. Ол кезде етік тігетін материал­д­ың тапшы кезі. Содан сол жерде ақылдаса ке­ле екі сегіз жасар серкені сойғызып те­рісін өзі өңдейді. Қысқа уақыт ішінде теріні өң­деп, иін қандырып, етік тігетін материал дайын­дау машақаты көп шаруа. Ауруын ұмы­тып, күндіз-түні тыным таппай, тап­сыр­маны мерзімінде сапалы орындауға бар күш-жігерін жұмсап, жанкештілікпен ең­бек­­тенеді. Қажекеңнің қай ауылда өнер көр­се­тіп жүргенінен күнде хабар алып оты­ра­ды.
Содан Қажекең Созаққа жақын ор­на­ласқан колхоздарды аралап, күнде кешке біреуінде болып, өнерін қөрсетіп, халықтың қо­шемет-құрметіне бөленеді. Кезек «Та­лап­ты» колхозына келгенде қарсы алу­шы­лардың алдында шоқша сақалды, басында айыр қалпағы бар, домбырасын солақай ұстап күй шертіп тұрған күйшіге назары бірден ауған Қажекең де: «Атыңа бұрыннан қанық едім, Сүгірсің ғой» деп құшағын жайып төс қағыстырып, жұрт­шылықтың қоршауына еніп кете барған екен. «Та­лап­ты» колхозының төрағасы Ерімбетов Тоқабай сол өңірде бұрын-соңды болмаған үлкен заманауи мектеп салғызған (сол мектепте осы жолдардың авторы да 1957 жылы төртінші тоқсанды тамамдаған, қазір «Талаптының» орны ғана жатыр), қара табақ деп аталатын 50 радиоқабылдағыш нүкте орнатып, радио торабын іске қосқан іскер азамат еді.
Сол өңірде көзін көрген, бірге жүріп дәмдес-тұздас болған көне көз қариялар Тоқаңның тапқырлығын, әзіл­кеш­тігін аңыз әңгімедей ауыздарының суы құ­рып айтып отыратын. Белгілі ақын Жарыл­қа­сын Боранбаевтың 2007 жылы «Нұр-әлем» баспасынан шыққан «Созақ әзіл­кештері» кітабында Тоқаңның тапқырлық, әзілкештік қырының бір парасы қамтылған.
Өнер көрсету, күтіп алу ертеңіне «Талапты» колхозынан ары 8 шақырым жерде орналасқан 12 ауыл деп аталатын «Ынтымақ» колхозында жалғасады. «Та­лап­тыда» күтіп алушыларлың ішінде бол­ған «Ынтымақ» колхозының басқарма төр­ағасы Ысқақұлы Әділ ақсақал Қаже­кең­нің өнерін тамашалап, түн ауғанша қа­сында дастарқандас болып, палуанның Сү­гір күйшіге ықыласы ауғаны сонша, тар­тылған күйлерге құлағын тосып, күйшінің сау­сақ­тарының қимылына мейірлене қарап, ба­лаша мәз болған қылықтарына тәнті бол­ған Әдекең әкеміз, Қажекеңе қайырылып: «Ертең сізді күйшінің ауылында күтеміз» деп ізет көрсетіп аттанып кетеді.
Сүгір атамыз өзі алғашқы үй салған 12 ауыл «Ынтымақ» колхозында 1956 жылға дейін тұрды. Ертеңіне қарсы алушылар арбада домбырасын ұстап, Қажекеңе қарама-қарсы отырған Сүгір күйшіні көріп, ерекше сезімге берілген үлкен-кіші, бала-шаға қаумалаған арба Әдекеңнің үйінің алдына келіп тоқтайды. Әдекең алдын ала дайын­дап қойған болуы керек, сол ауылдағы мық­ты деген 8 жігіт аяғына, қолына жармасып, демеп, Қажекеңді тік көтеріп түсіріп алады. Кешкісін Қажекең өнер көрсетіп «Талапты» колхозында өткізген полуторка маши­насы­нан ауыр шойын ХТЗ тракторын үстінен өткізіп, білектей сом темірлерді мойнына орамал байлағандай ұштарын айқастырып шира­тып қайта жазып тастайды.
Көп­шілік­тің ішінде Қажекең жазып тастаған сом темірді үйіне мықшыңдап ала қашқандар да болыпты. Таң атқанша көпшілік тар­қа­мапты. Содан Қажекең Созақтан қайт­қанша Сүгір күйшіні қасынан шығармай күй­лерін тыңдап, күткен жерде де, кешке өнер көрсеткенде де ара-арасында күй тарт­қызып, жалғап жібер деп шынайы ілтипат білдіріп отырыпты. Сүгір атамыздың өтініші болу керек «Ынтымақ» колхозында тағы бір күн болып, Созаққа бет алып, «Та­лап­ты» колхозына жақындай бергенде Тоқ­абай бастаған көпшілік алдынан шығып, тағы бір күн арнайы қонақ болып, сы­ба­ғаңызды жеп кетіңіз деп өтініш жасайды. Көпшіліктің көңілін қимай Қажекең «Талаптыда» тағы бір күн қонақ болыпты.
Бұның сыры етікті тігіп үлгере алмай жатқан Тікен етікшінің екі күнге кідірте тұрыңдар деген өтініші болса керек. Ертеңіне қасына Сүгір күйшіні ертіп, Созаққа оралады. Сол күні кешке Созаққа кіреберісте солтүстікке бұрылған күре жолдың бойында қашан қар түсіп, үстін жапқ­анша көкпеңбек болып жататын «Тар­са» деп аталатын сазды жерге текемет, кілем төселіп дастарқан жайылып, Қаже­кең­нің өнерін тағы да тамашалауға, әрі шы­ғарып салуға халық көп жиналады. Бая­ғы уәде бойын­ша етігін көтеріп етікші Ті­кен де ке­ліп сәлем береді. Қажекең жұрт­тың кө­зін­ше етікті аяғына киіп, көңілі то­ла­ды. «Жақ­сы екен, Москваға киіп ба­рып, кел­гесін му­зейге қоямын, ертең мені­мен бірге жү­ресің» дейді.
Қажекең жиналған көпшілікке дауыс­тап, бүгін өнерді Сүгір күйші көрсетеді деп­ті. Сол кеште Сүкең ерекше өнер көрсетті дей­тін еді, сол көріністің куәсі болған Кол­хоз Сағындықов, Құдірет Сүлейменов ағай­лар. Күйшінің өнеріне тәнті болған Қажекең өзінің ризашылығын да, кеш кездескен өкі­нішін де бір ауыз сөзбен «қатар бірге жү­ре­тін жан екенсің» деп түйіндеген екен.
Со­дан Қажекең етікшіні өзімен бірге ер­тіп кетіп, бір-екі аптадан кейін ат мінгізіп, бір арба азық-түлік, керек-жарақ беріп қайыр­ған екен (шешем Созақ көтерілісінің құр­бандарының бірі Байбосынұлы Жәке­не­нің қы­зы Рәштің өз аузынан естіген едім). Кей­бір басылымдарда, теле­ди­дардан берілген де­ректерде Қажекең ішіп-жемнен тап­шы­лық көріпті, қамқорлыққа мұқтаж болыпты де­генді оқығанда, естігенде «бұл қалай, ары­сын ардақтаған, жетім-жесірін жы­лат­паған ел едік қой» деген ойға қалып, сенгің кел­мейді.
Өнер көрсеткен жер­ле­рінде Қа­же­кеңе атаған малын бір малшы жи­нап, сол маңайда бағып, қайтарында он шақты ірі қара, жүз шақты майда мал айдап апа­рып берген екен. Баһадүрдің атын жа­мы­лып, өз пайдасын көздеп, іске асырмақ бол­ған пысықайлардың жымысқы әре­кет­терін да­быра қылудан аулақ болайық дегім ке­леді.
Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ.
«Ana tili».