ОН ТӨРТ ЖАСЫНДА ЕҢБЕККЕ АРАЛАСҚАН
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын», — дегендей, арамызда жүрген абзал азамат Жүсіпов Лесбек Мұңсызбайұлы туралы не білеміз? Жетпістің бесеуіне келген Лесбек аға туралы таңнан-таңға дейін айтар жақсы да үлгілі істері жетерлік. Әйтсе де соның бірер парасы туралы сөз етіп, келешек ұрпаққа үлгі болсын деген ойым бар.
1946-жылы Темірлан ауылында өмірге келген Жүсіпов Лесбек әкеден ерте айрылып, жетімдіктің азабын тартудай-ақ тартты. Жетінші класты бітірген соң аурушаң анасының орнына қалқоздың қара жұмысына жегілді. Темірландағы «Полезный труд» қалқозына жолдама бойынша келген мал дәрігері Ақтаев Арзанбек Лесбек ағаның анасы Еркеш апаның үйінде тұрды. Анасы сияқты ешкімді бөтенсінбейтін мінезі бар Лесбек те ол кісіні жатсынған жоқ. Қаршадай баланың қара жұмыстан қайысып жүргенін көрген Арзанбек аға сол кездегі қалқоз бастығына кіріп, Лесбекті мал дәрігеріне көмекші етіп тағайындауын сұранады. Он төрттегі жас балаға бұйрық шығаруға қалқоз бастығы И.И.Пусарев тәуекел ете алмаған еді. Сосын Лесбекті ерткен Арзанбек сол кездегі Түркістан аумақтық басқармасының бастығы Төлепбек Назарбековтің қабылдауына ертіп барды. Оны қабылдау бөлмесінде қалдырып, бастықтың алдына кірген Арзанбек әлден уақытта «мәселе шешілмеді» деп тұнжырап шықты.
Сыртқа шыққан соң, одан бар мәселені Лесбек қояр да қоймай сұрап білді. «Он төртке енді келген жас бала отар аралап жүріп, жұмыс барысында аттан құлап мертіксе, оған кім жауап береді? – деген басқарма басшысы бұл іске қарсы болыпты. Көңіл-күйі бұзылып, ұнжырғасы түсіп тұрған Лесбекті не деп жұбатарын білмей:
– Сен мені осы жерде күте тұр. Мен тағы бір шаруалармен анау кеңсеге кіріп шығайын, – деген Арзанбек аға бұның қасынан кеткенде, өжеттенген Лесбек «нар тәуекел» дегендей манағы бастықтың кабинетіне хатшысының рұқсатынсыз кіріп барды. Өзіне тайсалмай қарап:
– Ағай, айтыңызшы! Баласының аттан құлағанына өзгені кінәлаған қай қазақты көріп едіңіз?! – деді өжеттене сөйлеп. Бұған үн-түнсіз ұзақ қараған Т.Назарбеков әлдебір ойға шомып кеткендей біраз отырды. (Арада көп жылдар өткенде ол кісінің естелік кітабын оқыған Лесбек, бұл ағаның да он үш жасында қара жұмысқа жегілгенін білді. Сірә өткен күндері есіне түсіп отырса керек.)
Әлден уақытта қоңырауын басып, хатшысын шақырған көпті көрген аға Лесбекті жұмысқа қабылдау жөнінде бұйрық шығартты. Мөр басылған бұйрықты қалтасына салған Лесбектің көңілі көкте болатын. Манағы жерде біраз күткен ол, көп кешікпей келген Арзанбекпен бірге Темірланға қарай қайтты. Жолда келе жатқанда қуанышы қойнына симаған Лесбек бұйрықты Арзанбекке көрсетті. Оны оқып көріп:
– Мәссаған, керек болса! Ой, бала, бұны қалай, қайтіп алдың?! – деді таңданысын жасыра алмай. Болған жағдайды естігенде:
– Ол кісінің алдына анау-мынау адам батылы барып кіре алмайды. Ал сенің мына ісің, адам сенбестей тірлік болған екен, – деді ризалық білдіріп. Ертеңіне Т.Назарбековтің бұйрығын алған қалқоз бастығы И.И.Пусарев сөзге келмей Лесбекті мал дәрігеріне көмекші етіп, мініп жүруі үшін бір ат берді. Қалқоздағы барлық аттың мінез-құлқына бұрыннан қанық Лесбек көзінің құрты болып жүрген жирен қасқаға құрық салып мініп алады. Осылайша меншігіне тиген атқа мінген бозбала, өзге құрдастарынан мәртебесі биік сияқтанып жүретін. Мал дәрігеріне көмекші болған кездерін еске алғанда Лесбек аға күліп:
– Бір жолы «жоғарғы ауылдағы мал фермасында бұзаулар әлдебір науқастан ауырып жатыр, — деген хабар бойынша мал дәрігері мені сол жаққа жұмсады. Елу шақты бұзаудың ішінен қызуы көтеріліп, ауырып тұрғандарын қалай анықтасам екен деп біраз тұрдым. Қолымдағы градусникті бұзаудың қай жеріне қою керек екенін де сұрамаппын-ау деймін ғой баяғы. «Кейінірек барамын» деген мал дәрігері болса әлі жоқ. Сосын тәуекел деп бұзаулардың маңдайы мен қолтығынан ұстап көріп, қызуы бар дегендерін басқаларынан бөлектей бастадым.
Көңіліме күдікті көрінген бес-алтауын оқшаулаған кезімде атқа мінген мал дәрігері Козоренко Владимир да келіп жетті-ау ақыры. Ол мен оқшаулаған бұзауларды тексеріп көріп, «молодец, қазақы тәуіп те біраз нәрсені біледі екен» деген еді күліп, – дейді.
\Сабақты қойып кеткенімді көрген сол кездегі мектеп директоры Әсет Балабиев мені қоярда-қоймай кешкі мектепке әкеп отырғызды. Күндіз жұмыста болсам, кешке сабақта болдым. Мектепті өз құрдастарымнан кештеу бітіргенімнің себебі осы еді.
Осы жылы онбір жылдық жабылып, мектепті оныншы кластағылар мен онбірінші кластағылар қатар аяқтады. Осы жылы тұңғыш рет өткізілген аудандақ «Коммунизм таңы» газетінің жүлдесі үшін болған қазақша күреске қатысқан Лесбек өзімен белдескен бес палуанды да жығып, ауданның алғашқы чемпионы атанды. 1966-жылы отбасымен Созаққа көшіп келіп, мектепте аға тәлімгер болып еңбек етті. Келесі жылы Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны бітіргесін әскери борышын өтеді. Орта мектепте мұғалім, аудандық оқу бөлімінде кадр жөніндегі әдіскер, инспектор және әдістемелік кабинет меңгерушісі болып қызмет істеді. 1984 – 1988 жылдары Бөген аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Осы қызметке тағайындалар алдында облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Жандосов Санжар Оразұлының қабылдауында болғаны бар. Екеуара болған әңгімеден соң кабинеттен шығып бара жатқан Лесбекке қарап, «Сен бала волейбол ойнауға қалайсың?! – деді сыр тартып. Институттың волейбол командасының құрамасында ойнағанын айтқан бұған сынай қарап:
– Жарайды, ондай болса әлі кездесеміз, – деген лауазымды ағаның қандай оймен айтқаны бұған түсініксіздеу болатын. Арада біраз күн өткенде:
– Сізді бастық шақырып жатыр, – деген хатшы қыздың сөзінен соң райкомның бірінші хатшысының алдына барды. Кабинетіне кірген Лесбекке:
– Сен мына кісіні танисың ба? – деді елулердегі кісіні меңзеп. Бұның:
– Жоқ, танымаймын, – деген сөзінен соң ол кісіні таныстырған бастығы өзін обл.исполкомның төрағасы шақыртып жатқанын айтты. Есік алдында тұрған обл.исполкомның «волгасын» таныған сол жердегілер «бұл не бүлдірді екен?» дегендей бұған таңдана қарайтын сияқты. «Волгаға» отырғанда жүргізуші Лесбекті Санжар Жандосовтың волейбол ойнауға өзі шақыртып жатқанын айтты. Үйіне соғып, спорттық киімдерін алған Лесбек көп ұзамай Бадамда волейбол ойнап жатқан «үлкен бастықпен» бірге қызу ойынға кірісіп кетті. Санжар Жандосов волейболдың нағыз хас шебері екен. Лесбектің көтеріп берген добын екі қолымен де қақырата ұратынына таң қалмау мүмкін емес еді. Бұның да ойынына ол кісі ризалық білдірген.
Бөген ауданы Арыс қаласына қосылған кезде, қалалық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалған.
Міне, осы кезде Мәскеудің шалағай тірлігіне көзі ашық Лесбектің реніші ашу-ызаға айнала бастаған еді. Өйткені, шағын қала Арыста Темірланнан баратын түрлі мекемелерді орналастыратын баспана да жоқ болатын. Атап айтсақ: 1.Ауыл шаруашылығы басқармасы. 2.Статистикалық бөлім. 3.Мемлекеттік сақтандыру мекемесі. 4. Аудандық байланыс жүйесі. 5. Ауыл шаруашылық кәсіподақтар ұйымы амалсыздан Темірланның өзінде қалдырылған. Аудан аймағынан әлдеқайда шет жердегі Арысқа бару үшін де қызметкерлер көп қиналып жүрген еді. 1989 жылдың ақпан айында марқұм Жолбарыс Сарбасов жүрегінің оты бар деген Жүсіпов Лесбекпен ақылдаса келе, біраз азаматтардың басын қосып, ауданды қайта қалпына келтіру туралы мәселе көтерді. Жол азабынан әбіржіген халықтың мұң-мұқтажын түсінген көзі ашық азаматтар бұл істі қуана қоштады.
Наурыз айында Арыс қаласында өткен үлкен жиында Ж.Сарбасов осы мәселені көтеріп, сол үшін үлкен сынға ұшырады. Әйтсе де өз істерінің дұрыстығына сенген белсенді жандар сәуір айында ресми түрде «ынталы топ» құрды. Ынталы топқа кірген азаматтарға ауданның әлеуметтік-эко-номикалық мәселесі жөнінде егжей-тегжейлі көрсетілген құжаттар дайындау Байшымыров Нұрғалиға, Нұғыманов Қабылмәжитке, Кенбаев Мыңбайға және Жүсіпов Лесбекке жүктелді. Бұл аралықта «менмін» деп кеуде көтерген кейбір азаматтар мына істің келешегінен күмәнданып, «жоғары жаққа жексұрын болғысы келмей бұғып қалған» болатын.
Мұражайдан қажетті құжаттарды көтеріп, ауданның кешегісі мен бүгінгісін әзірлеу барысында Лесбек көп еңбек сіңірді. Осы жылдың тамыз айында қолдарында барлық мәліметтері бар ынталы топ мүшелері Қазақстанның министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Евгении Башмаковқа келді. Бұл топтағы Жолбарыс Сарбасов, Тастемір Әбдірайымов, Камал Салыбеков, Байзақ Наурызбаев, Дашо Ахметов болатын.
Қолдарындағы нақты мәліметтерді көрсете отырып, ауданның Темірланға қайта келуін дәлелдеген жандарға қарсы министрлер кеңесіндегілер уәж айта алмаған еді. Осылайша 13 тамыз күні Бөген ауданын қалпына келтіру туралы Қазақстан Министрлер Кеңесінің жарлығы шықты.
Арада біраз жыл өткенде «Бөген ауданы біздің қайтпас қайсарлығымыз бен өжеттігіміздің арқасында қайта қалпына келтірілді» дегенді жарнамалап жүргендерді көргенде Лесбек аға шыдап тұра алмайды. Өйткені кезінде ол адамдар, лауазымды қызметінен айрылып қалмауды ойлап, сол кездің тілімен айтқанда «столдың астына кіріп кеткендер» болатын. Өздерінің сол жылдарғы ісін қанша дәріптегісі келмесе де, Ілекеңе біраз нәрсені баспасөз бетінде ашып көрсетуге тура келген еді.
Қазіргі күндері зейнетке шыққан Жүсіпов Лесбек аға қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген абзал азамат.
Еңбегі еленіп, түрлі марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған жан Қажымұқан ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ауданның «Құрметті азаматы» атанған Ілекең 1984-1990-жылдар аралығында халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болып сайланған. Қай кезде де жақсы істердің бастаушысы болып жүретін Лесбек ағаның ұсынысымен 2013 жылдан бастап бұл аймақта «қазалы үйден» ас бермеу мәселесі біржола шешілген. «Күштілігіңді көрейін – өзгені қуантшы» дегендей, Лесбек аға өзінің 70-жылдық тойында аудан бойынша волейболдан және кіші футболдан жарыс өткізіп, спорт сүйер қауымның ерекше қошеметіне бөленді. Жарыс жеңімпаздарына кубок пен бағалы сыйлықтар тарту етілді. Лесбекті ерекше құрметтеген жерлестері де оған шапан жауып, ат мінгізді.
Жүсіпов Лесбек Мұңсызбайұлы туралы:
Танытып еңбегіңмен сан қырыңды,
Жақсыға шашу еттің жан нұрыңды.
Бөленіп құрметіне қалың жұрттың,
Арнадың еліңе сен тағдырыңды.
Қалыбын адамдықтың бір бұзбадың,
Ұяңнан түлеп ұшты ұл-қыздарың.
Өзіңнен өркен жайып, өнеге алған,
Тілейді Сізге бақыт жұлдыздарың, – деген марқұм Талғат Ормановтың арнауы да көп нәрседен хабар беріп тұрғаны ақиқат. Жетпістің бесеуіне келген асыл ағаға айтар алғысымыз шексіз. Сізден өрбіген перзенттеріңіздің алар асуы бұдан да жоғарылап, елдің мақтанышына айнала берсін, – деп Алладан тілейміз.
Бөріхан ТӘМЕН,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар Одақтарының мүшесі.