ОТБАСЫ — ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ

410
Ордабасы ауданы Бөген ауылдық округі әкімшілік ғимаратында «Отбасы құндылықтары, отбасындағы зорлық- зомбылықтардың алдын алу» тақырыбында іс-шара өтті. Оны Бөген ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Қазыбай Салима ұйымдастырды. Оған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тәйтелиева Гүлия, Бөген ауыл округінің әкімі Қаныбеков Димаш, ауданда өткен батагөй қариялар іс-шарасының жеңімпазы Тасқымбекұлы Қадырәлі, зейнеткер ұстаз Мырзалы Мира, «Нұр Отан» партиясы Бөген ауылдық бастауыш ұйымының төрайымы Намазбек Каммуна, Б. Кенжебаев атындағы жалпы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нәлтай Бағнұр және Бөген аулының Букиловтар мен Қалдарбековтер үлгілі отбасылары қатысты. Бөген ауыл округінің әкімі Қаныбеков Димаш пен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тәйтелиева Гүлия сөз сөйлеп, іс-шараны ашты. Бұл іс –шарада ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының психолог- маманы Мырзахмет Жәния отбасындағы зорлық- зомбылықтың алдын алу тақырыбында көрермендерге әлеуметтік сауалнама жүргізді. Бейсенбай Кенжебаев атындағы жалпы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нәлтай Бағнұр «Рухани жаңғыру-ұлттық өрлеудің ұлы күші» тақырыбында баяндама жасады.
Бөген ауылының үлгілі отбасылары Букилов Төребек пен Букилова Гүлбаланың 1-ұл, 4-қызы бар. Бүгінде барлық балалары жоғары білімді, өз мамандықтарының иелері. Келін алып, қыз ұзатып, немере сүйген үлгілі отбасы. Қыздары Букилова Әлия бірнеше ән орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Қалдарбеков Жарқынбек пен Қалдарбекова Айғаным 5-ұл өсіріп, 4-келін алған. Ұлдары, келіндері бәрі жоғары білімді. Қалдарбекова Айғаным медицина саласында қызмет атқарған зейнеткер. Келіндері Айнұр мен Алина іс –шараға қатысып, өздерінің отбасындағы құндылықтарымен бөлісті. Немерелері Гүлназым мен Гүлсезім би биледі, өлең оқыды. Бұл екі отбасы да ауызбіршілік, ынтымақтастық, татулықтың бастауы отбасынан екенін айтып, жастарға үлгі боларлықтай әңгімелерімен бөлісті.
Жиынға қатысқан қонақтар өз ойларымен бөлісіп, жастардың қойылған сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Іс-шараға қатысқан екі отбасына ауыл әкімінің, аудандық әйелдер кеңесінің алғыс хаттары тапсырылып, сый-сияпат жасалды. Жиын соңында батагөй қариялар іс-шарасының жеңімпазы болған Тасқымбекұлы Қадырәлі бата беріп, өз тілегін білдірді. Мұндай жиындар аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тайтелиева Гүлияның бастамасымен бұған дейін де бірнеше ауылдарда «Шаңырағым шаттығым, отбасым-мақтанышым» тақырыптарында өткен болатын. Бұл шара Қазақстан Республикасы ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ, «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жариялаған «Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» байқауында жеңімпаз деп танылды. Мұндай басқосулар отбасылардың нығаюына, жас отбасылар іргесінің берік болуына әсері мол екеніне тағы бір көз жеткіздік.
Айнұр Қожагелдиева.