ҚАЖЫМҰҚАН ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕРДЕН ҮЗІНДІ

518

(Қажымұқан өмірінен жаңа деректер)

Әр нәрсеге ақыл көзімен қараған, жұртқа жаға жырттырмаған намысқой қазақтың билік басындағыларға жолдаған хатының жүз пайыз шындық екеніне күдік-күмәніміз бар. Неге десеңіз, Қажекеңнің сауаты хат жазатын деңгейде емес-тін. Бұған ешкім таласпауы тиіс. Кезінде атақты балуанның абырой-беделін алға тарта сол кісінің атынан билік басындағыларға хат жазу үрдісі орын алған. Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігінен бір үзінді келтірсек, дәлелге жарайды. «Осы тұста жергілікті орындардың бір ақылды ісі болды. Олар Қажекеңнің атынан облысқа хат жаздырып, Арыс–Түркістан каналын қаздыру мәселесін қойды. Оны мен Дәуленов пен Уәлиевке жеткіздім, канал кейінірек қазылып еді».

Қазақстан мемлекетінің ақсақалы А.Қазақбаевқа жолданған хаттағы «Америка құрлығынан басқа әлемді түгел аралап шықтым» деген сөйлемді Қажекең айтты деуге дәтіміз бармайды. Ол кісінің табаны Американың солтүстігіндегі Құрама Штаттарға, Филлипинге, Канадаға, Мексиканың оңтүстігіндегі Перуге, Бразилияға, Аргентинаға тиген. Сөйте тұра мұнысын өзі жоққа шығаруы шындыққа қаншалықты жарасымды? Демек, хатты Қажымұқанның спорттық өмірбаянынан бейхабар біреу жазған. Сондай-ақ, «отбасымның әл-ауқаты төмен. Шәуілдір ауданының басшылары тарапынан көрсетіліп жатқан көмек жеткіліксіз» деген сөйлемді де жаман түйенің жабуындай етіп, Қажекеңнің арқасында ит-ырғын пайда табуды ойлаған, биені бүгімен, түйені жүгімен жұтқысы келген әлдекімнің қосқаны деп білеміз. Ерлері майданнан қайтпай қалған он шақты жесір әйелдің отбасына көмектесіп жүрген (әлгі хатта жазылған Р.Б.) балуанның билік басындағыларға әл-ауқатым нашар деп мұң шағуы шындыққа сыйыспайды. Қара күшімен дүниені дүр сілкіндірген сүйікті перзенті түгілі, соғыс зардабымен жер ауып келгендерге етегін төсек, жеңін жастық жасаған халқымыз өзінің балуанын аш қалдырды деуге ауыз бармайды. Керек десеңіз, олай сөйлеу – қасиетті қазақ халқына жабылған жала. Көзкөргеннің сөзіне сүйенсек: «Сөйтіп тұрғанымызда бір жылқышы төрт қой, құлынды бес биені айдап әкелді. Балуан далаға шығып: – Бұл кімнің малы? – деп сұрады. – Мынау сойысыңыз, батыр, мыналарды сауып ішерсіздер, – деді әлігі жылқышы. Байқай келсек, бұл «Арыс» колхозының беріп жіберген малы екен» (Әуелбек Қоңыратбаев). Осы естеліктегі мына сөйлемдерді де Әуелбек ата Қоңыратбаев Қажекеңнің өзінен жазып алған: «Қазақстан мені әлі ұмытпаған екен, оларыңа рақмет! Мен бұл кезде қартайдым, әйтсе де Отан үшін бір кісідей қызмет істедім. Құдайдың қор қылып жаратқан жаны мен емес. Облыс басшылары Ничаев, Пазиков, Ғалиев, Дәуленовтер Отан соғысы жылдары менің жағдайыма көп қарасты. Астыма ат, үстіме үй, алдыма мал салды. Шаян аудандық партия комитетінің хатшысы Шораев, жолы болсын, көп достық ықылас білдірді. Шәуілдірдің 1944 жылғы хатшысы Жүнісбеков дейтін баланың да жаманшылығын айтпаймын». Қажымұқанның өмірінің соңы жоқшылықта, таршылықта өтті деп жүргендер бұған не айтар екен? Сүйікті балуан әр кезде халқының аялы алақанында болғанына мұнан артық қандай дәлел керек. Қажымұқан туралы «деректі фильм» түсіріп, оны ұлттық телеарнамыз арқылы көрсеткен Кристина Ткаличева кеудесіне жел бітіп, балуан өмірінің соңғы жылдарындағы «азап» қауесетіне отты шала байлап жіберді.

Қажекеңнің билік басындағыларға хат жолдатқанын ада-күде жоққа шығара алмаймыз. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Даңқты балуан хаттың жазылуына әу баста өзі түрткі болған тәрізді. Ол кісі қарнының ашқанына емес, елеусіз қалып бара жатқанына ренжіген сияқты. Өзбекстанға кетсем бе деймін, еш болмаса менің атыммен бір көшені атар дегенінде құпия сыр жатыр. Басқасын айтпағанда, Ташкенттің өзінде Қажекеңнен жауырыны екі рет жер иіскеген Климентий Бульеге КСРО билігіндегілердің «СССР-дің еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беруі, оны күрес кілемінде бірнеше рет жеңген адамның елеусіз қалуы балуанды қатты алаңдатқан сыңайлы.

Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.