МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: КҮРДЕЛІ НЫСАН ҚҰРЫЛЫСЫНДА ҚАТЕЛІККЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕУІ КЕРЕК

175

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов автоматтандырылған газ тарату стансасының іске қосу жұмыстары бойынша жүргізіліп жатқан техникалық дайындық жұмыстарымен танысты.
Қала әкімі АГРС-З — стратегиялық нысан болғандықтан іске қосу жұмысында қателікке жол берілмеуін ескертті. Сонымен бірге, газбен қамтудың қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаудағы маңыздылығын атап өтті.
Өткен жылы АГРС-3 нысанының газ құбырына гидравликалық сығымдау жұмыстары жүргізу барысында орнатылған құрал-жабдықтар гидроқысымды көтермей, істен шыққан болатын. Сол себептен, газ құбырын қауіпсіз пайдалану және құбырдың қызмет ету мерзімін арттыру мақсатында Рессейден 7 дана тиісті құрал-жабдық алынып, қайта орнатылды. Қазіргі таңда сығымдау жұмыстары жүргізіліп, құбырлар сынақтан өтуде. Техникалық іске қосу жұмысына шетелдік мамандар тартылған.
Газ тарату стансасы іске қосылғанда, газ құбырлары тартылған елді мекендерге көгілдір отын беріле бастайды.