ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА ОҢ ӨСІМ БАЙҚАЛДЫ

362

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және отандық ғылымды дамыту мәселелері қаралды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров үш айда ел экономикасының өсу қарқыны 4,4 пайызға жеделдегенін атап өтті. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда инвестициялардың өсу қарқыны 0,6 пайызды құрады. Атап айтқанда, құрылыс, білім беру, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, сауда, жылжымайтын мүлік пен операциялар салаларында өсім бар.

Инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Ақмола, Маңғыстау облыстарында жоғары өсім байқалып отыр. Шымкент қаласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 84 пайызға артқан. Шаһарда жеті негізгі макрокөрсеткіш бойынша оң өсім тіркелді.

Өңдеу өнеркәсібі бойынша барлық өңір оң динамикаға қол жеткізген. Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,1 пайызды құрайды. Есепті кезеңде елімізде 2.9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Шымкентте бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артып отыр.

ҚР Премьер-Министрі қазіргі күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету аса маңызды міндет екенін айтты. Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құруды барынша күшейту қажет.

Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent?lang=kk