“КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН, КЕЛТЕ БОЛМАС…”

1196

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге ұнамды бір тұсы-елмен ақылдасуда енжарлық танытқан емес. Өзім білермендіктен аулақ. Қоғаммен кеңесе біледі. Онысына рахмет! Жалпы, елмен ақылдасқан адам-ешқашан адаспасын аңғарса керек. Соны жадында ұстаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанда қоғамның қызу талқысына түскен “дерттен” қайтсек құтылуға болады, елді қайтсем кемелдендірем деген ізгі оймен елге ойталқы салды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Ол кісі:

– Конституцияға түзетулер енгізуді парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деді елорда төрінде Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде. Қазақстанда 1995 жылғы соңғы рет референдум негізінде қазіргі Конституция бекітілгенін білеміз. «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын анықтау ісіне қатысуға мүмкіндік береді, бұл елдің демократияға бағыт алуына ықпал етеді”-деді Қ.Тоқаев.

Түркістан облысы ҚХА мүшелері атынан бір топ делегат елордадағы жиынға қатыстық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Референдум өткізу жайлы ұсынысын жиынға қатысып, өз құлақтпрымен естіген Түркістан облыстық этно-мәдени орталық топ өкілдері ғана емес, Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының бір топ мүшелері және қаламы қарымды журналист-бас редакторлар Абай Балажан, Дулат Әбіш, Әлішер Сатыбалды, Бекжігіт Сердалы, Марина Лимаренько сияқты тағы басқа да әріптестерім де құптап, қуаттады. Референдум бізге не береді? Ашық қоғам орнату, елді демократияландыру бағытында ілкімді іс атқаруға басымдық бермек, елді ізгілендіруге игі жол ашпақ деген ниет бар.

Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында бірінші президентке қатысты мәселелерде бар. “Келісіп пішкен тон, келте болмас” деген даналықтан туған ізгі ой. Елмен бірге ақылдасып, ортақ ойлы шешім қабылдауды қажет деп санаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу жайлы ұсынысын ұтымды ұйғарым деп санаймын және бірауыздан қолдаймын.

Ерсұлтан Әмірбек,
Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы