50 ШАҚЫРЫМ КӨШЕНІҢ ЖОЛ СЫЗЫҚТАРЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ ЖӘНЕ БИЫЛ КӘРІЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 60% ҒА ЖЕТЕДІ

832

Шымкент қаласында биылғы жылы 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылатын болады. Жалпы бүгінге дейін 50 шақырым көшенің жол сызықтары жаңартылды.

Аталған жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеу мақсатында түнгі уақытта сызылуда.

Бүгінгі түнде жүргізілген жұмыстар барысында:

▪️Бақбаев көшесінің жол сызықтары
▪️Тайманұлы көшесінде орналасқан мешіт тұсындағы жаяу жүргінші өткелі
▪️Әділбек Керімше және Аманқұлов көше қиылыстарындағы жаяу жүргінші жолы
▪️Рысқұлбеков-Мәделі қожа көшелері қиылысындағы бағдаршамды жаяу жүргіншілер өткелі
▪️1 мамыр көшесінің Театральная және Жарқынбеков көшелері аралығы жаңартылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Шымқаланың тұрғындарының жиі көтеретін мәселесінің бірі – кәріз жүйесі. Оған себепте жоқ емес. Өйткені Шымкент қаласындағы 81 елдімекеннің 19-ы кәріз жүйесіне қосылған. Биыл кәріз жүйесіне қосылатын елдімекен саны тағы да 6-ға артады.  Осылайша қаланың кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан, 60 пайызға жететін болады. Аталған межеге жету үшін бүгінде 16 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елдімекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жауаптылар биылғы жылы қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмыстарының басталғанын айтады. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді.

«Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі» дейді жауаптылар.
Сонымен бірге, Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік – Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елдімекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады деп жоспарлануда.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға жеткен.

Айта кетейік, қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, Шымқаланы кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізілмек. Қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі