ҚАЛА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ ЖӘНЕ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

287

Үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жолғы іс-шара қала күніне арналып, ауқымды өтті.

Жәрмеңкеге Шымкенттегі тауар өндірушілермен қатар Түркістан облысының көрші аудандарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, дихандар мен шаруалар қатысты.

– Дәстүрлі жәрмеңкеге 200-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Олар өз өнімдерін базар нарқынан 10-15 пайызға төмен сатуда. Жалпы көлемі 100 тоннадан астам өнім ұсынылған, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханаев.

Айта кетейік, жәрмеңкеде құмшекер де сатылуда. Жалпы салмағы 4 тонна шекер әр адамға бес келіге дейін, келісі 480 теңгеден босатылуда.

 

«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев

 

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

 

Қала күніне арналған кереметтей іс-шараның бірі шаһарымыздың сүйікті демалыс орны Абай саябағында өтіп жатыр. Алдын ала іріктеуден өткен  16 отбасы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтайтын «ОтбасыFest» байқауында бақтарын сынауда.

Қалалықтардың қуанышымен бөлісуге келген шаһарымыздың бас ұстазы Жанат Тәжиева сайыскерлердің барлығына сәттілік тілеп, жиналған қауымды Қала күнімен шын жүректен құттықтады.

— Отан — отбасынан басталады. Сондықтан мемлекет іргесі мықты болу үшін отбасы институты берік болуы тиіс. «ОтбасыFest-тің» көздеген мақсаты да осы. Орын алудан бұрын сахна төріне шығып, жұртшылыққа өнерін таныстырған, отбасы тәрбиесіндегі үлгісі мен тәжірибесін көрсетудің өзі бір бақыт. Біз үшін әлемде жоқ Шымқаладай әсем шаһар біреу ғана. Сондықтан оның дамуына, өркендеуіне үлес қосу әрбір саналы азаматтың парызы, — деді Жанат Арысбекқызы.

Байқау шарты бойынша отбасылар алдымен өздерін таныстырады. Сосын келесі сайыста өнерлерін ортаға салып жарысады. Соңғы турда спорттық сайыстан жүлдеге таласады.

Жарысқа Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер және білім басқармаларының өкілдері қазылық етуде.

«ОтбасыFest» байқауында жеңіске жеткен отбасылар бағалы сыйлықтарға ие болады.

 

«Шымкент келбеті»-  Әнуар ЖҰМАШБАЕВ