ШЫМКЕНТ 2024 ЖЫЛЫ 100 ПАЙЫЗ МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР 6 АЙДА 500 АЛТЫН МЕДАЛЬГЕ ИЕ БОЛДЫ

271

Шымкентте өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елдімекенге базалық станция орнатылған болса, биыл 12 елдімекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елдімекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек.

Бұл туралы бүгін қала әкіміне 1-жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген цифрландыру басқармасының басшысы Ә.Әбдіраханов баяндады.

Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнатылу жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды.

Ал, оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елдімекенге талшықты оптика желісі қойылады.

Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда.

Есепті тыңдаған қала әкімі М.Әйтенов салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыруды, интернет күшін жоғарылату бойынша қосымша жоспар жасауды тапсырды.

 

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР 6 АЙДА 500 АЛТЫН МЕДАЛЬГЕ ИЕ БОЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгін денешынықтыру және спорт басқармасының 1-жартыжылдық есебін тыңдады. Басқарма басшысы Б.Тұманбаев шымкенттік спортшылардың жетістіктері мен алдағы жоспарларды баяндады.

Биыл алты ай қорытындысымен, 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 32 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 148 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 232 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Қала спортшылары спорт түрлері бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 416 алтын, 372 күміс, 398 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында қала спортшылары 39 алтын, 18 күміс және 24 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 28 алтын, 15 күміс және 8 қола медальға ие болды. Дүниежүзілік гимназия ойындарында 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Европа чемпионаттарында 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңді.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Кашиас-ду-Сул қаласында /Бразилия/ өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарына еркін күрестен 70 кг. салмақта Рсалы Сабыржан және 65 кг.салмақта Пернеш Шадияр қатысты. Нәтижесінде Рсалы Сабыржан 2 орын, Пернеш Шадияр 5 орынды жеңіп алды.

Қала басшысы олимпиада резервін даярлайтын мектептердің жұмысын қолға алуды, бұқаралық спортты дамытуда түсіндіру, жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі