ШЫМКЕНТТЕ «БАЙ, ҚУАТТЫ БОЛАЙЫҚ!» КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
Шымкенттегі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бай, қуатты болайық!» көшпелі көрмесі өз жұмысын бастады. Тағылымды шараның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың атынан жиынға қатысушыларға құттықтауын жеткізді.
–Қазақ журналистикасының, оның ішінде қазақ телевизиясының тарихында, қалыптасу және даму барысында Нұртілеу Иманғалиұлының алатын орны ерекше. Бүгінгі таңда ақпарат және медиа кеңістігінде елге қызмет етіп жүрген көптеген журналистирге аға болған, ұстаз болған Нұр-ағаның тұлғасы қашанда қазақтың биігінде болады, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
–Бұл іс-шара Нұртілеудің көзі тірі кезіндегі өз арман-мақсаты болатын. «Жетпіске толғанымда елдің түкпір-түкпірін аралап көрермендеріммен кездесемін, арқа-жарқа араласамын, білгенімді жастарға үйретемін», — деген ниетте еді. Өкінішке орай, ол арманына жете алмады. Ол ғұмырының 45 жылын қазақ телевизиясына арнады. Соңында келе жатқан біздер Нұртілеудің мұратын жүзеге асырсақ деген әрекетпенен жүрміз. Осы шараның өтуіне қолдау білдірген Шымкент қаласының әкімдігіне, Түркістан облысы мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз. Қала тұрғындарын Нұртілеу Иманғалиұлының өмірі мен шығармашылығынан кеңінен хабардар ететін көрмеге шақырамын», — деді белгілі журналистің жары Қарлығаш жеңгей.
Көрме бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен. Алдағы уақытта көрме керуені Қазақстанның басқа да қалаларына көш басын тіремек.
Айта кетейік, Шымқалада «Бай, қуатты болайық!» көрмесі екі апта бойына жалғасады.
Тағылымды шараның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың атынан жиынға қатысушыларға құттықтауын жеткізді.