400 АЕК КӨЛЕМІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ӨТІНІМ БЕРУ 8 ТАМЫЗДАН БАСТАЛАДЫ

719

Шымкентте ағымдағы жылдың 8 тамызынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК көлеміндегі (1 225 200 тг дейін) қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Осы шараға қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
— Порталда тіркелу;
— грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
— бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
— өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады. Мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:
— тіркелген жұмыссыздар;
-29 жасқа толмаған,3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жас кәсіпкерлер;
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
— еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
— қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
— өңіраралық қоныс аударушылар
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
-асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
-жастар (29 жасқа дейін).
Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде береді.Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.