ШЫМКЕНТ: ЖЫЛ СОҢЫНДА САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ҮЛЕСІ 95%-ҒА ЖЕТЕДІ

404

Бүгін Өңірлік ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Ә. Әбдіраханов цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласында атқарылған жұмыстар мен  2022 жылға арналған жоспардың орындалу барысымен бөлісті.

«Ағымдағы жылы, мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы төмен 12 елді мекеннің координатасы келісіліп, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары атқарылып, инвесторға ұсынылды. Бүгінде инвестор тарапынан Ақниет, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20-жыл, Азат, Тұран, Асар елді мекендерінен анықталған жер телімдерін қазу, бетон құю және антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылуда. Ал, жеке нысан иелерімен келісу арқылы Елтай, Тоғыс, Маятас және Бозарық елді мекендеріне базалық станция орнатылып іске қосылды. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылса, 71 000 жуық қала тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтылып, жыл соңында сапалы интернетпен қамту үлесі 95%-ға жетеді деп жоспарлануда»,-деді спикер.

Одан бөлек,  Қазақтелеком АҚ-ның бағынысты мекемесі «Востоктелеком» ЖШС мен келіссөздер жүргізу нәтижесінде қосымша 20 елді мекенге базалық станция орнату жоспарланып, онда жаңа технологиямен антенна-мачталық құрылғылар орнатылатын болады.

Бүгінде  20 елді мекеннен бос жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы 15 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жоспарға енгізілді. Бүгінде, инвестор тарапынан Самал-3, Забадам, Қазығұрт, Құрсай, Қарабастау, және Солтүстік – Батыс елді мекендерін толық талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан Қызылжар мен Ақниет елді мекендерін оптика желісімен қамту жұмыстары атқарылуда. Тиісті жұмыстар атқарылса жыл соңына дейін 165 303 қала тұрғындарына сапалы интернет қолжетімді болады.

Брифинг барысында Ә. Әбдіраханов, қала орталығындағы көшелерді оптика желісімен қамтамасыз ету жұмыстары мен  қаланы бейнебақылау  камераларымен қамту жұмыстары туралы да айтып өтті. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылып 12 000 тұрғын үйге оптика желісіне мүмкіндік жасалынып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы 1000 бейнебақылау камералары орнатылатын айтты.

Сонымен қатар IT саласында адами капиталды дамыту бағыты бойынша Шымкент қаласында 2 заманауи IT бағдарламалау мектептері ашылып, тұрақты түрде жұмыс жасауда. Олар «SIFRO» және «ROBOPARK» бағдарламалау мектептері. Қазіргі таңда, бағдарламалау мектептерінде қала тұрғындары Web сайттарды әзірлеу, IOS және Android платформаларында бағдарлама әзірлеу сынды бағыттарда білім алуда.

Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту және тұрғындарды өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы қала орталығындағы көшелерге  22 дана ақылды тақталар инвестор есебінен орнату жоспарланды. Қазіргі уақытта ақылды тақталар орнатылатын жерлер анықталды. Келісім-шарт заң талаптарына сәйкес әзірленіп, қол қою сатысында.