ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ» ӨҢІРЛІК КӨРМЕ-БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды. Қатысуға 80-ге жуық компания өтінім берді. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, өңір тауарөндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады.
– Кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін Үкімет тарапынан бірқатар бағдарламалар қабылданды. Осындай іс-шаралардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсы. Бүгінгі көрме-конкурсының өткізілуі инвестициялық жобаларды және технологияларды енгізу арқылы қазақстандық жаңа брендтерді арттырады. Өнеркәсіп тауарларын сатып ала отырып, отандық тауар өндірушісін қолдап, жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береміз. Қазіргі таңда облыста шығарылатын көптеген өнім түрлері бойынша республиканың ішкі нарығын толықтыруға мүмкіндігіміз мол. Өңірлік кезеңнің лауреаттары біздің облысты республикалық көрме-байқауда көрсетеді, – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков те көрменің маңыздылығын атап өтті.
80-нен астам өндірушілер қатысқан көрмеде отандық өндіріс тауарларының үздік үлгілері ұсынылды: тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, қайта өңдеу және құрылыс саласы, өнеркәсіптік жабдықтар. Арнайы байқау комиссиясы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Байқау-көрменің қонақтары мен қатысушылары түркістандық өндірушілердің өнімімен танысып қана қоймай, оны сатып алды. Түрлі өнімдер – ет, сүт, нан және кондитерлік өнімдер, халық тұтынатын тауарлар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары және тағы басқа заттар төмендетілген бағамен ұсынылды. Сондай-ақ көрме қонақтарына лотерея ұйымдастырылып, онда бағалы сыйлықтар ойнатылды.
Талқылаудан кейін бизнес өкілдері, уәкілетті органдар кірген байқау комиссиясы тоғыз лауреатты анықтады. Жеңімпаздарды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Өңірлік кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов, сондай-ақ ӨКП директоры Тимур Нақыпбеков марапаттады. Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Хабибулла-Ата» ЖК, «ART Boilers» ЖШС жеңіске жетті.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «SEM BRAND» ЖК, «Арай» ӨК, «Арыс Минералды Су» ЖШС топ жарса, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Бөрте милка» ЖШС, «Aykan» ЖШС және «Көрік» ЖШС жеңіп алды. Өзге де аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады. Жалпы байқау дипломанттары «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және дипломдарымен марапатталды. Олар байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие болады.
Түркістан төріндегі байқау облыста шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келе жатқанын аңғартты. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауы биыл күзде өтеді деп жоспарланған.