ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАН, ЗИЯНЫҢДЫ ТИГІЗБЕ!

230

Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев 2022 жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмысты қорытындылады. Қалада мемлекеттік-экологиялық бақылау, экологиялық реттеу, зертханалық-талдау бағытында және мемлекеттік бағдарламалар бойынша тиісті жұмыс атқарылуда. Кәсіпорындардың ауаға зиянды шығарындыларын азайтуда талаптар қатаңдатылып, экологиялық талаптарды сақтамағандарға салынатын әкімшілік айыппұл көлемі артқан.

Ауаға шығатын зиянды қалдықтар азаюда

Е.Қозыбаевтың айтуынша, есепті кезеңде департамент тарапынан 31 тексеру жүргізіліп, 139 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы 41 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Қала, аудан прокуратурасы, аудандық полиция басқармалары, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде жалпы 100 әкімшілік іс қозғалыпты. Шымкент қаласындағы бірқатар базарларда экологиялық заңнама талаптарының сақталуы тексеріліп, нәтижесінде 9 базар басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жаңа экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, 2021 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін табиғат пайдаланушылардың санатын қайта өзгерту бойынша онлайн жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 737 кәсіпкерлік нысанның санаты айқындалды.

 

Қала экологиясын жақсартуда «Жасыл қала» ұлттық жоспары шеңберінде ірі өндіріс орындарының ауаны ластау деңгейін төмендететін жүйелі іс-шаралар бар. Шымкент қаласында бірінші санатқа жатқызылған кәсіпорындардың ауаға шығарындыларының басым бөлігі 4 мекемеге тиесілі. Олар – «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ, «3-Энергоорталық» АҚ және «Стандартцемент» ЖШС зауыты. Аталған кәсіпорындар ауаға шығатын қалдықтың көлемін жыл сайын төмендетіп отырады. 2021 жылы «Шымкентцемент» АҚ жалпы ауаға шығарындыларын 7 мың тоннадан 5 мың тоннаға, «Стандартцемент» 8 600 тоннадан 5 мың тоннаға дейін азайтты.
– «Жасыл қала» ұлттық жобасы бойынша «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС 2025 жылға дейін ауаға шығарындыларын 20 пайызға төмендетуге міндетті. Қазіргі уақытта тиісті жобалық құжаттамалар әзірленуде. Одан бөлек, аталған мекемелерге 2023 жылға дейін автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу талабы қойылып отыр. Яғни, кәсіпорын аумағында негізгі ластау көздерінде шығындар көрсеткіштерін қадағалайтын және қоршаған ортаға эмиссиялардың мониторингін ақпараттық жүйеге енгізу бойынша жұмыстар қолға алынады, – дейді Ермахан Тастанбекұлы.

9 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды

Сонымен қатар, департамент зертханалық-талдамалық бақылау жұмыстары бойынша да бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізген. Түнгі уақыттағы ауа сапасына зерделеу бойынша күнделікті кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл орайда әкімдікпен бірлесе жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ауаның құрамындағы зиянды заттардың мөлшерден қаншалықты асқанын немесе аспағанын бағамдап, қадағалайды. Жыл басынан бері қала аумағында экстремальді және жоғары ластану фактілері тіркелмеген.
Е.Қозыбаевтың мәлімдеуінше, тұрғындардың, мемлекеттік мекемелердің талап-арызы негізінде жүргізілген зерделеу жұмыстары бойынша бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан. Сарқынды судың жерге төгіліп жатуы жөніндегі хабарламаға сәйкес, «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қазіргі таңда кәсіпорынның сарқынды суы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылып, мәселе оң шешілді.
Бадам-2 елді мекенінің тұрғындары ішек-қарынды шаю барысында түзілген сарқынды судың жер бедеріне төгілуін тоқтату жөнінде талап-арыз берген. Бұл мәселе бойынша жеке кәсіпкердің қызметіне тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде кәсіпкер тарапынан сарқынды суға арналған септиктер орнатылған. Жалпы қалада рұқсатсыз жұмыс істеген немесе рұқсатында көрсетілмеген қосымша ластау көздері бар, экологиялық талаптарды бұзған 9 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды. Олардың қатарында қорғасын қалдықтарын өңдеу, металл өңдеу және құю зауыты, ішек-қарын өңдеу, сабын өндіру және тас майдалау цехы бар.
Сонымен бірге, қалада ғарыштық мониторинг арқылы бей-берекет қоқыс үйінділерінің 45 координаттық нүктесі анықталып, қоқысты аудан әкімдіктері толық тазалады.

2 LED экран орнатылды

Шымкент қаласындағы негізгі экологиялық мәселенің бірі – ауаның ластануы. Ауаны ластаушылар – қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар, автокөлік және қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтар.
Шаһардың экологиялық мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2021 жылдың қаңтар айында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен қала әкімдігі арасында Жол картасы әзірленді. Осыған байланысты автокөліктерді табиғи газға ауыстыру, көгалдандыру, қалдықты қайта өңдеу, цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы қала әкімдігі тарапынан табиғатты қорғау іс-шаралары мен жоспарларға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Бүгінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының тапсырмасымен қалада экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіруде ауаны автоматты бақылайтын 10 станса қойылған. Сонымен қатар, «Қазгидромет» мекемесі атмосфералық ауаның жай-күйі жөнінде халықты хабардар етуі үшін Қонаев даңғылы мен Бәйтереков көшесінің бойында 2 LED экран орнатылды.
Жол картасы аясында елді мекендерді газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына ауыстыру, қоқысты қайта өңдеу, қаладағы жел бағытын зерттеу және көгалдандыру жұмыстары басты назарда тұр.
Қазіргі таңда қалада Ақтас-1 елді мекеніндегі полигон жанынан қатты тұрмыстық қалдықты энергетикалық кәдеге жарату кәсіпорнын ашу жұмыстары қолға алынуда. Қалалық экология департаменті басшысы міндетін атқарушының айтуынша, бұл мақсатта полигонның жанынан арнайы жер бөлінген. Жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Ал тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау үшін аудан әкімдіктері жыл соңына дейін 125 контейнер сатып алуды жоспарлап отыр.
Қала әкімі шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту, өндіріс, құрылыс қалдығын жою, жасыл желек қорын ұлғайту, тазалық сақтауда қоғамдық сананы өзгерту бағыттары бойынша сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Қазіргі уақытта қаланың жасыл белдеуін қалыптастыру, көгалдандыру бағытындағы мәселелер кезең-кезең бойынша шешімін табуда. Кептелістерді болдырмау мақсатында арнайы жолайрықтар салынып, қоғамдық көліктердің барлығы табиғи газға көшуде.
Шымкент – өндірісі дамыған шаһар. Ендігі ретте қалада кәсіпкерлерге, табиғат пайдаланушыларға қойылар талап күшейіп келеді. Қаланың экологиясын жақсартуда кешенді іс-шаралар кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады.

 

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»