ТӘЖІРИБЕ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – ШЕБЕР МАМАННЫҢ ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ

Еңбек жолын табандылықпен қалыптастырып, саланың дамуына өз үлесін қосып келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі – Бекенов Ғалымжан Маханұлы. Ол әрдайым істің сапасы мен жауапкершілікті басты орынға қойып, кәсіби өсу жолын үздіксіз жалғастырып келе жатқан жан.
Бекенов Ғалымжан Маханұлы 1974 жылы 15 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келді. 1992 жылы орта мектепті тәмамдап, еңбекке ерте араласқан ол техникалық салаға деген қызығушылығын кәсіби жолға бағыттады.
2002-2003 жылдары «Энергоцентр-3» акционерлік қоғамында жылу бекеттеріне қызмет көрсететін 3-дәрежелі слесарь ретінде еңбек жолын бастады. Өзінің еңбекқорлығы мен ұқыптылығының арқасында 2003-2004 жылдары «Жылуэнергоорталық» ЖШС-де де осы дәрежедегі слесарь қызметін атқарып, тәжірибесін шыңдады.
2004-2015 жылдары «3-Энергоорталық» АҚ құрамында жылу бекеттеріне қызмет көрсететін слесарь әрі сорғы қондырғыларының машинисі болып қызмет етті. Бұл жылдар оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына үлкен мектеп болды.
2015 жылдан бері «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде жұмыс істеп келеді. Алдымен №1 аудандық бөлімшесінің сорғы қондырғыларының 3-дәрежелі машинисі қызметіне қабылданып, біліктілігінің арқасында қазір апаттық-диспетчерлік қызметтің жылу желілеріне қызмет көрсететін 5-дәрежелі слесарь ретінде абыроймен еңбек етуде.
Ғалымжан Маханұлының әр жұмыс учаскесіндегі ұқыптылығы, техникалық сауаттылығы мен жауапкершілікке беріктігі – жас мамандарға үлгі. Ол өз еңбегімен жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, қала инфрақұрылымының сенімді қызмет етуіне үлес қосып келеді.
Кәсіби адалдық пен үздіксіз даму – Ғалымжан Маханұлының басты ұстанымы. Еңбегі елдің игілігіне жарай берсін!








