ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ КЕҢЕСІ: СЫРТҚЫ ЖАРНАМА МӨЛШЕРЛЕМЕСІ ЖОБАСЫ ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ ҚАЖЕТ

36

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері, Шымкент қаласы прокуратурасының, Сәулет және қала құрылысы, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармаларының басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары және жарнама саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

Жиында мәслихаттың «Шымкент қаласының аумағында ғимараттардан тыс, ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы мөлшерлемелер туралы» шешімінің жобасы талқыланды.

«Кәсіпкерлер палатасына мәслихаттың сыртқы жарнама орналастыру мөлшерлемесін көтеру туралы шешім жобасы түсті. Ұсынылған жоба сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы базалық мөлшерлемені 200 пайызға арттыруды көздейді. Сонымен қатар, Шымкент қаласына кірмейтін аумақтардағы сыртқы жарнама мөлшерлемесін 50 пайызға төмендету қарастырылған. Шешім жобасын талдау нәтижесінде құқықтық және реттеушілік бағыттағы кемшіліктер, сондай-ақ, бизнеске тәуекелдер анықталды. Жобада мөлшерлемені 200 пайызға көтеру, яғни екі есе ұлғайту ұсынылған, ал бұл кәсіпкерлер үшін қосымша қаржылық қиындық тудырады. Біздің пікірімізше, шағын және орта бизнес үшін мұндай өзгерістер жарнама мен өнімді, қызметті сату шығындарының күрт артуына, сыртқы жарнаманың бәсекелестік құралы ретінде қолжетімділігінің төмендеуіне, сонымен қатар жаңа мөлшерлемені төлей алмау салдарынан бизнестің жабылуына немесе құрылғыларды бұзуға әкелуі мүмкін», — деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.