ҚЫЗЫЛОРДАДА V ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТІ: ЕЛ ДАМУЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Ұлттық құрылтай өтті. Ел дамуының маңызды кезеңінде ұйымдастырылған бұл жиын қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді ашық талқылап, алдағы стратегиялық міндеттерді айқындаған маңызды алаңға айналды.
Құрылтай барысында экономикалық өсім, білім мен ғылымды дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллект, ұлттық бірегейлік, мәдени және рухани мұра, жастар саясаты, бала қауіпсіздігі, су ресурстары сияқты ел болашағына тікелей әсер ететін бағыттар кеңінен қаралды. Мемлекет басшысы нақты нәтижеге негізделген басқару мен жауапкершіліктің жоғары болуын басты талап ретінде атап өтті.
Президент ел экономикасының тұрақты өсімін атап өтіп, өткен жылы ішкі жалпы өнімнің , сонымен қатар шағын және орта бизнестің үлесі артқаны, халық саны мен өмір сүру ұзақтығының өскені қоғамдағы оң өзгерістердің айқын дәлелі екені атап өтілді.
Ғылым мен білім саласына басымдық беріліп, цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл бағыттағы жұмыстар нақты көрсеткіштермен өлшенуі тиіс екені айтылды. Ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасы қолдау тапты.
Руханият мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Абай, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің ұлттық болмыстың өзегі екенін атап өтіп, Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар мәдениет саласында жаңа театрлар мен музейлер салу, мәдени нысандарды жаңғырту жоспарлары жарияланды.
Жастар саясаты, бала қауіпсіздігі, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу мәселелері де құрылтайдың маңызды тақырыптарына айналды. Ұлттық құрылтай ұсыныстары негізінде қабылданған 26 заң бұл институттың ел дамуына нақты ықпал етіп отырғанын көрсетті.
Құрылтайдың Қызылордада өтуі терең символдық мәнге ие. «Сыр – Алаштың анасы» атанған өңірдің тарихи және рухани орнына тоқталған Президент бұл жерде ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтті.
Қорытындылай келе, V Ұлттық құрылтай елдің бірлігі мен тұтастығын нығайтып, тұрақты даму жолындағы нақты қадамдардың негізін қалаған маңызды жиын болды. Құрылтайда айтылған бастамалар мен міндеттер Қазақстанның болашағына бағытталған жүйелі реформалардың жалғасы болмақ.








