БАЛУАННЫҢ ШАҢЫРАҒЫ ШАҒЫН МУЗЕЙГЕ АЙНАЛДЫ
Түркістан облысында күш атасы Қажымұқанды пір тұтатын жерлестері Отырар ауданындағы тұрған шаңырағы бүгінде шағын музейге айналған. Бұл шара Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 146 жыл толуына орай ұйымдастырылған екен. Талайды тамсандырған алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасов Отырар жеріндегі Ақтөбе ауылындағы осы шаңырақта өмірге келген. Кейіннен отбасы мүшелері Ақмола облысына көшіп кеткен. Онда біраз жыл тұрып, оңтүстікке оралған. Осы үйді паналапты. Қайтыс болар шағында Ордабасы ауданындағы қазіргі Қажымұқан елді мекенінде өмір сүріп, сонда жерленген. Алайда Ақтөбедегі баспана сол күйі қараусыз қалыпты. Ауылдағы мектеп директоры мен туыстары Қажымұқанның үйіне бас-көз болып қарап, осы уақытқа дейін сақтап келгенін айтады.
«Біз осы ауылдың азаматтары бастап, мына үй ауылдың шетінде қалып қоятын болды деп жүріп, осы үйді музей қылып отырмыз. Есімде, мен оның балаларымен қатар ойнағанмын. Кәдімгі дәу адам болатын»,- деп еске алады Ақтөбе ауылының тұрғыны Нышанбай Сүлейменов. Ескі шаңырақта күш атасының 1936-47 жылдары пайдаланған заттары сақтаулы. Оны мектеп директоры ауыл тұрғындарынан сұрап алып, жинақтаған. Мұражайда күш атасының ат жегіп, мініп жүрген арбасы да бар.
«Біз сол арбаның қалдықтарын үйді үйлерден сұрап жүріп, осы жерге әкеліп қойдық. Ауыл азаматтары әлі күнге дейін айтып отырамыз. Ондай адамдарды қанша мақтасақ та, қанша құрметтесек те, артық етпейді», — дейді ауыл тұрғыны Әмірбек Есентаев. Шағын музей бүгінде жөндеуді қажет етеді. Жергілікті азаматтардың өтінішімен, қазір, осы аумақты туристік орталыққа айналдыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындары осы жұмыстардың аясында шағын мұражай ретке келтіріліп, оны шетелдік меймандар тамашалайды деген үмітте.
Айнұр Ақбаева