МАУСЫМ АЙЫНДА 17 МЫҢҒА ЖУЫҚ АРЫЗ-ШАҒЫМ ШЕШІМІН ТАПҚАН ЖӘНЕ АСАР-2 ЕЛДІМЕКЕНІНДЕГІ АУЫЗ СУ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

577

Бүгінгі қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте тұрғындармен кері байланыс, арыз-шағымдардың орындалу барысы талқыланды.

«i-Shymkent 109» орталығының басшысы А.Әміртаев өз баяндамасында  Шымкент қаласының ситуациялық орталығына маусым айында тұрғындардан 17 197 арыз-шағым келіп түскенін, оның ішінде 16 915-і орындалған, 282 арыз орындалу барысында екенін атап өтті.

Тұрғындар көбіне «Tolem» картасында орын алған ақаулар, жарықтың ескертусіз сөнуі, Нұрсат шағын ауданындағы электр желісінің жиі істен шығуы, Қошқар ата өзені аумағының тазалығы, қоғамдық көліктер жүру кестесі нормаларының сақталмауы, сызбасының (маршрут) өзгеруі секілді мәселелерді көптеп көтерген.

Жиында жауапты мекемелердің рейтингісі жарияланып, сапасыз жұмыстар үшін қала әкімі тарапынан кейбір басшыларға қатаң ескертулер берілді. Қоғамдық көліктерге қатысты жүйелі тексеру шараларын ұйымдастыруды, сонымен бірге, электр қуаты бойынша Энергетика басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді. 6 айлық есептегі кемшіліктер бойынша сала басшыларының тікелей жауаптылығын атап өтті.

 

АСАР-2 ЕЛДІМЕКЕНІНДЕГІ АУЫЗ СУ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСУДА

Қаратау ауданына қарасты Асар-2 елдімекенінде ауыз су (2-кезек) құрылысы жүргізілуде. Биыл10 маусымынан басталған құрылыс жұмысының бүгінде 40 пайыздан астамы аяқталды. Яғни, жоспарланған 54,2 шақырымдық су құбырының 21,5  шақырымы тартылды.

Құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Нәтижесінде Асар-2 елді мекеніндегі 1000 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылады.

Ал, сапалы электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл басталып, 2023 жылы аяқталады.

Сонымен қатар, шағын аудандағы Нұрлы жол және №4 көше жарықтандырылады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі