ТҮРКІСТАНДА МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ РУХАНИ-МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ӨТТІ

214

Күллі түркі жұртының рухани орталығы саналған Түркістан қаласында мақталы Мақтаарал ауданының рухани-мәдени күндері өтті.

19-20 тамыз күндері өткен «Ақ алтынды Мақтааралдан – қасиетті Түркістанға сәлем!» атты іс-шарада «Мырза өлкем-Мақтаарал» атты тақырыпта қолөнер шеберлері мен суретшілердің және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі қойылды. Сонымен қатар, «Керуен сарай» туристік кешенінде «Мақтааралдың мақтаныштары» көңілді тапқырлар клубының ойыншылары өз өнерлерін көрсетіп, көрерменге жарқын әзілдерімен күлкі сыйлады және қауын-қарбыз жеуден жарыс өткізді.

Мұнан соң Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, жауапты бөлім басшылары, ауданның зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары, өнерпаздар бастаған рухани-мәдени керуен көші «Керуен сарай» туристік кешінінің жолдарымен жүріп өтті.

Салтанатты шараны Алтын Күнтуқызы ашып беріп, аудан әкімі Бақыт Асановтың түркістандықтарға деген ыстық сәлемдемесін жолдады. Әрі қарай «Ақ алтынды Мақтааралдан — қасиетті Түркістанға сәлем!» атты гала концертке ұласты. Шара соңында мерекелік отшашу шашылып, ауданның ауылшаруашылық өнімдері тұрғындарға тегін үлестірілді.

Екінші күні ақын, мемлекет қайраткері М.Шахановтың шығармашылық кеші, «Мақтаарал» мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ алтын» ұлт-аспаптар ансамблінің «Өнерлі өлке өрендері» атты арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы, жергілікті ақын, сазгер, күйші А.Қызылқұловтың «Өнерім-өмірім» атты шығармашылық кештері өтті.

Айта кетейік, түркістандықтар мен қала қонақтары мақтааралдық өнерпаздардың өнерлеріне тәнті болып, үлкен қошемет көрсетті.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі