КЕНТАУ: ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

535

Тазалық – денсаулық кепілі. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір жанға маңызды міндет. Қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына орай, қала әкімдігі аппараты әр апта сайын рейдтік тексеріс шарасын жүргізуде.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 16 бабына сәйкес, әрбір азамат өздерінің меншігіндегі пайдаланушы нысандарды олардың азаматтар үшін қауіпсіздігін, эстетикалық талаптарды қоса алғанда, нормативтік және басқа да талаптарға сәйкес тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін лайықты жағдайда ұстауға міндетті делінген. Алайда, кейбір көшелер мен аулаларда үйілген құрылыс заттары мен қоқыстар жиі кездесуде. Тазалыққа жауапты мекемелер өздерінің бекітіліген кестесіне сай күнделікті тазалық жұмысын атқаруда.

Бейберекет қоқыс тастайтын тұрғындарға жергілікті полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес ескертпе хаттамалар толтырып түсіндіруде. Алайда, қалаға қарасты ауылдар мен елді мекендерде, қаланың көше бойларында, көпқабатты үйлердің аулаларында қоқыс және құрылыс қалдықтарын тастайтын азаматтар азаяр емес.

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті нысандарымен, жасыл желекті саябақтармен бағаланбайды. Күн сайын көркейіп келе жатқан қаланың ажары оның тазалығына да байланысты. Әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы қажет.

Қала – баршаға ортақ! Таңнан кешке дейін қала тазалығымен айналысатын еңбек адамдарының жұмыстарына қолдау көрсетіп, барлық тұрғындарды тазалық сақтауға шақырамыз! Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Кентау – ең таза қалаға айналары сөзсіз!