ӨТКЕН ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫМЕН 95 ТҮЛКІБАСТЫҚ ТҮЛЕК АЛТЫН БЕЛГІГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН

269

 

Өткен оқу жылының қорытындысымен Түлкібас ауданының орта білім беру мекемелерінен 1369 түлек түлеп ұшса, соның 1265 ұлттық бірінғай тестілеуге қатысып, 95-і «Алтын белгіге», 115-і «Үздік атестатқа» қол жеткізіп отыр. Бұл жетістіктің бәрі ардақты ұстаздардың еңбегінің жемісі.

Бүгін Түлкібас ауданының орталық мәдениет үйінде дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Жиынға аудан әкімі Н.Байғұт, аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғ.Жанаева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ тарих және педогогика бөлімінің деканы, доцент, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Қ.Оразбаев, мектеп директорлары мен орынбасарлары, ата-аналар комитетінің және қамқоршылық кеңесінің төрағалары мен бұқаралық ақпарат құрал өкілдері қатысты.

Кеңестің ашылу салтанаты аудан әкімі Нұрлан Байғұттың алғы сөзімен бастау алды. Аудан басшысы өз сөзінде жаңа Қазақстанды құратын басты тірек ол өскелең ұрпақ екенін айтып, ұстаздар қауымының қоғамдағы рөлін ерекшелеп өтті. Сонымен қатар, Нұрлан Мархабатұлы білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатындағы атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, барша қауымды жаңа оқу жылының ашылуымен құттақтады.

Кеңес барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Қадірбек өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жұмыс жоспарымен бөліссе, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғ.Жанаева облыс көлемінде білім саласын ілгерілету жөніндегі атқарылып жатқан шараларды қамтып өтті. Бір топ ұстаздар қауымы мен қонақтар жарыссөзге шығып, өз ойларымен бөлісті.

Шарада тәрбие және білім беру жолында өлшеусіз еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы марапатталды.

Келген қонақтарға асық ату ойынынан екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған аудан оқушыларының шеберлік сағаттары ұймдастырылып, оқушылардың жазғы демалыс кезеңіндегі заманауи технологияны үйлестіре отырып жасаған қол өнер бұйымдарының көрмесі паш етілді. Жиын ұстаздар қауымына арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Бүгінде Түлкібас ауданында 60 орта білім беру мекемесінде 23 мыңнан астам бала білім алуда. Үш ауысымдағы мектеп жоқ.

Биылғы жаңа оқу жылында 2379 бала алғаш рет мектеп қабырғасына аяқ басқалы отыр.

Мектепке дейінгі 51 ұйымда 4133 бала бар. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.