ТҮРКІСТАНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ САРАЛАНДЫ

236

Бүгін Түркістанда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының актив жиыны өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдау және насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру жайы талқыланды.

Мәжіліске Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «AMANAT» партиясы Түркістан өңірлік филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партия филиалдарының Атқарушы хатшылары, партия ардагерлері мен мүшелері, БПҰ төрағалары, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Жиынды ашып жүргізген Б.Тәжібаев 5 бағыттан тұратын Жолдаудың негізгі басымдықтарына тоқталды. Айтуынша, бұл жолы «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту арқылы ел экономикасына жаңа серпіліс беретін ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Ол аталған бағыт бойынша партияның қолға алған шаралары мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Жолдау – елдегі саяси-экономикалық трансформациялаудың заңды жалғасы деп санаймын. Біз халық арасындағы жаңа лидерлерді анықтап, оларды саяси ұйым қатарына тарта отырып, аудандардағы өзекті мәселелерді көтеру және шешу жолдарын қарастыру, партия мүшелерін ынталандыру мақсатында 2 жобаны жүзеге асырудамыз. Біріншісі – әртүрлі сала мамандарынан құралған командалар қатысатын «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны болса, кейінгісі «AMANAT – LIDER» пікірсайыс турнирі. Бұл жобалардың аудандық деңгейдегі іс-шаралары басталып кетті. Ел Президенті мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісті. Біздің партия филиалдары үнемі сайлауға дайындық үстінде. Олай дейтініміз былтырдан бастап аудандық филиалдар жергілікті жердегі ауыл әкімдерін сайлауға тікелей қатысуда. Бүгінге дейін облыс көлемінде 79 ауыл әкімінің сайлауы өтсе, сайланған әкімдердің 95%-ы – біздің партияластарымыз. Біз осы бастан өте қиын саяси кезеңдерден тұрақтылықты сақтап өтудің жоспарын қарастыруымыз керек, – деді Бейсен Дәулетұлы.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деп еңбек адамдарына қолдау білдірді. Осыған орай, Түркістан облысының білім және жеңіл өнеркәсіп саласына айтарлықтай үлес қосып жатқан қарапайым ел азаматтарының жаңа реформалар жайында ой-пікірлері тыңдалды.

Атап айтқанда, Данияр Көбеев 10 жылдан бері тігін фабрикасын жүргізіп, ауыл шаруашылығы саласында біршама жетістіктерге жеткен. Ол агросала мен жеңіл өнеркәсіп үшін қосымша құн салығын есептеуде жеңілдіктер қарастырылуы керектігін атап өтті. Жолдаудағы кіші және орта бизнеске көрсетілетін қолдау бағыты жастардың кәсіппен айналысып, табыс арттыруына септігі мол екенін айтты. Сонымен қатар Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова да білім беру жүйесі бойынша облыс орталығында атқарылған жобалармен таныстырды.

Жиынды қортындылаған Қайрат Рахымұлы еліміздің ұзақ мүддесіне сай жұмыс істеуді, Жолдауды жан-жақты насихаттауды, саяси мәселелерді жедел шешуді, партияның барлық күшін жұмылдыра отырып алдағы сайлауларға дайындық жүргізуді ұсынып, жиын қатысушыларын белсене атсалысуға шақырды.