АЛАШТЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 150 ЖЫЛ

237

 

Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150  жыл толып отыр.

Ол- ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытқан ұлы тұлға.

Шымкентте ұлы тұлғаның 150 жылдығына орай  «40 мысал, 40 мақал» атты көшпелі әдеби тіл керуені  өтті. Оған қала әкімі М.Әйтенов және  зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов    қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтті.

 

—  Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын!- деді, қала басшысы.

 

Өз кезегінде сөз алған басқа да зиялы қауым өкілдері де Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлігіне, шығармашылығына тоқталып, оның елі үшін еткен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету жолында насихат жұмыстарын жалғатыра беру керектігін жеткізді.

Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды.     Ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Айта кету керек,  бүгін — Қазақстан халқы тілдері күні.      2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кірісті. Ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» дүниеге келген. Сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің граматикалық құрылымын талдап беру мақсатында «Тіл құралды» жазған.

Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсынұлының тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы