ХАЛЫҚТЫҢ ҰСЫНЫСЫМЕН 28 АЛАҢША САЛЫНДЫ

17

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев Сәуле шағынауданын аралап, жаңақұрылыс аймағындағы 195, 275 және 276 орам тұрғындарымен кездесті. Кездесуде алдымен аудан әкімі инжинерлік-инфрақұрылыммен қамту барысын баяндады.

Сәуле шағынауданы мен 195 орамға ауыз су, электр жарығы және табиғи газ жүйесі толық тартылған. Ал 276 орамды көгілдір отынмен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Р.Мыңбаевтың айтуынша, биыл басталған құрылыс жыл соңына дейін аяқталып, газ пайдалануға берілмек.Кездесу барысында тұрғындар ирригациялық жүйелер мен жол құрылысы, ойын және спорт алаңшасын орнату, көшелерді жарықтандыру, камера орнатуды сұрады.

–Шағынауданда су басу қауіпі бар көшелерге ирригациялық арық салу жұмысы осы жылдың тамызында басталып, жыл соңына дейін іске қосылады. Балалардың ойын және спорт алаңшасын орнату жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілген. Бүгінгі кездесуде айтылған әрбір тұрғынның мәселесі мен ұсынысы хаттамаға түсіріліп, орындалуы жіті бақылауда болады,-деді аудан әкімі.

Әл-Фараби ауданы аумағының басым бөлігі қала орталығында орналасқандықтан инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші 99,7 пайызды құрап отыр. Қазір халық санының өсуіне байланысты шағынаудандардың жаңақұрылыс аймағына ауыз су, электр қуаты, табиғи газ және жол құрылысы қарқын алған. Жуырда Сәуле шағынауданындағы «Жаңабазар» көшесінде су құбыры салынып, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде 40-тан астам үй тіршілік нәріне қол жеткізді. Таяуда 276 орамға сапалы электр желісін жеткізу құрылысы аяқталды. Қазір абоненттеу жұмыстары атқарылуда.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, қазір ауданда тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру үшін барлық салада құрылыс қарқын алған. Атап айтқанда, ауданда кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 87 пайызды құраса, жуырда Шолохов көшесінде кәріз жүйесі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Хлопзавод көшесі кәріз жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 28 балалар ойын алаңшасы орнатылған. Жыл соңына дейін осы жоба аясында тағы 22 балалар ойын алаңшасы қойылады. Одан бөлек, 9 спорт алаңшасы салынып, 9 спорт алаң ағымдағы жөндеуден өтеді.

«Шымкент келбеті»