ТҮРКІСТАН: АЛҒАШ РЕТ МИ ІСІКТЕРІН ЕМДЕУДЕ МУЛЬТИДИСЦИПЛИНАРЛЫҚ ТӘСІЛ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

249

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында алғаш рет ми ісіктерін емдеуде мультидисциплинарлық тәсіл жүзеге асырылды. Барлық оталар нейронавигациялық жүйенің көмегімен және мидың функционалды маңызды аймақтарының, атап айтқанда ми бағанасының және артқы бас сүйек шуңқырының бас сүйек-ми нервтерінің үздіксіз нейромониторингін бақылау арқылы жасалынды.

Бұл нейрохирургиялық оталар «Leica Microsystems» компаниясының заманауи операциялық микроскопы көмегімен орындалды. Отаны нейрохирург, м.ғ.д., профессор Серік Дүйсенбіұлы, нейрофизиологиялық мониторингті Алматы қаласындағы ОКА дәрігер-невропатологы Махмұт Мұратұлы жүргізді.

Бірінші науқаста мидың оң жағы шеткі аймағының алдыңғы бөлігінің экстрааксиалды көлемді ісігі болды. Науқасқа отаның күрделі тәсілін қолдана отырып, хирургиялық көмек көрсетілді. Тағы бір науқаста миының IV қарыншасының түбінің көлемді ісігі болды. Жасалған барлық ота асқынусыз өтті. Күрделі ота арқасында қауіпті ісіктен арылған емделушілердің жағдайы қалыпты.