ТҮРКІСТАНДА ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАЙ-КҮЙІН ЗЕРДЕЛЕУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕҢЕСІ ӨТТІ

206

Бүгін Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуын мониторингтеу және зерделеу жөніндегі жұмыс тобының қорытынды кеңесі өтті. Отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысты.

Тиісті мемлекеттік мекемелердің жан-жақты сараптамалары және ғалымдардың ой-пікірі тыңдалып, кесененің қазіргі ахуалы талданды. Аида Ғалымқызы кесене ғимаратымен танысып, мамандардың баяндамаларын тыңдады. Отырыс барысында мәселелерді шешудің түрлі жолдары ұсынылды.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы өз кезегінде баяндама жасап, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде туындаған мәселелерді шешуге және оның дұрыс сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған жоспарды таныстырды.

2021 жылы және биыл бірінші жартыжылдықта кесененің аумағын абаттандыру жұмыстарына байланысты ылғалдылықты қадағалауға мүмкіндік болмаған еді. Қазір құдықтар ашылып, тазарту жұмыстары жүргізіліп, күнде су деңгейін өлшеп отыруға мүмкіндік туды.

Жоспарға сай Кесенені сақтау, пайдалану, зерттеу, қорғау, басқару, қаржыландыру шараларының 2023-2027 жылдарға арналған менеджмент-жоспарын әзірлеу, басқарушы ұйым ретінде Әзірет-Сұлтан музей-қорығына жүктелген. Музей-қорық бұл жұмысты ағымдағы жылы аяқтайды.

Сондай-ақ, жүргізілген ғылыми зерделеу жұмыстарының нәтижесінде алдағы ғылыми-реставрациялауға жататын учаскелерді анықтау мақсаты алға қойылған болатын. Бұл жұмыстар Қазқайтажаңарту мекемесімен маусымдық жаз, күз, қыс, көктем кезеңдеріндегі өзгерістерді толық қамту мақсатында бір жыл көлемінде жүргізіліп, жоспарға сай келесі жылдың наурыз айында аяқталатын болады.

Есепті кезеңде барлық тиісті институт пен ұйымдар бірлесіп жұмыстар атқарды. Алдағы уақытта осы үрдіспен Жұмыс жоспарын толық орындауға бағытталған жоспар жүзеге асырылатын болады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Министерство культуры и спорта РК