ШАРДАРА: ЧЕМПИОН ҚЫЗ АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛДЫ

201

Ағымдағы жылдың 13-23 қыркүйегі аралығында Сербия елінің Суботица қаласында бокстан «Алтын қолғап» халықаралық турнирі өтті.

Елімізден аталмыш турнирге боксшы қызымыз Сәрсенбек Ұлжан қатысып, 57 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Шаршы алаңға шыққан жерлесіміз жартылай финалда Индиялық қарсыласына есе бермей, ақтық сында Италияның мықты боксшысымен жұдырықтасып, 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Бүгін аудан басшысы Қайрат Жолдыбай чемпион жерлесіміз Ұлжан Сәрсенбек пен жаттықтырушысы Демеуов Шыңғысты жеке қабылдап, жарқын жеңістерімен құттықтады.

«Сізді тағы да жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әлемдік турнирде тағы да ауданымыздың атынан барып еліміздің абыройын қорғап, чемпион атандыңыз. Бұл ең алдымен қажырлы еңбектің және тәжірибелі жаттықтырушының арқасы деп білемін. Өйткені спортшының рухани және физикалық тұрғыдан кемел болуы жеңіске жетелейді. Бұл тікелей жаттықтырушының нәтижелі еңбегі. Нәзік жанды болсаңызда бойыңыздағы қазаққа тән намыс пен қайсарлықтың арқасында бокстан чемпион болып отырсыз. Мен сіздерге аудан халқының атынан шынайы алғысымды білдіремін.

Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілей отырып, Әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғай беретіндеріңізге сенемін»- деді Қ.Жолдыбай.

Сондай-ақ, спортшы мен жаттықтырушысына Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды.