АУДАН БАСШЫСЫ ҚҰРКЕЛЕС ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

174

Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Құркелес ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі жарықтандыру, таза ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру, ұялы байланыс желісін орнату, асфальт жол салу, каналды бетондау, дәрігерлік емхана салу, жайылым жер, жаңа мектеп салу, оқушылар тасымалы, қашыртқы тазалау, коммуналдық тұрғын үй беру мәселесі туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.

Өз кезегінде аудан басшысы Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекеніндегі 300 орынға арналған Б.Омаров атындағы №50 мектептің құрылысы нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, ағымдағы жылдың қараша айында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Келес елді мекеніндегі ескі электр желілері мен бағаналарын ауыстыру және трансформатор орнату құрылысы нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айынан бастап жүргізу жоспарлануда. Нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.

Сондай-ақ, Алғабас елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысын жүргізу үшін сәулет жоспарлау тапсырмасына қажетті құжаттар жинақталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың таза ауыз сумен қамтамасыз ету, аяқ жол салу, мектеп, кәсіп ашу үшін несие беру және жеке мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын қабылдау барысында ауыл әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтініштерді назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.