“ТІЛШІ-ДЕПУТАТЫҢ БОЛСА, “ТІЛІҢ ҚЫШЫМАСЫН…”

150

Елдің сөзін тыңдап, елдің сөзін сөйлеген еті-тірі депутат Елшібайдың Ғалыижаны дюерлеп тұр! Өз сайлаушыларының жанайқайына құлақ асқан ол, қара халықпен кездесіп “дәу” әріппен бүйдейді:
“СЕРІК ҚОНАҚБАЕВ ТУҒАН АУЫЛДАН АДАМДАР НЕГЕ КӨШІП ЖАТЫР?”
Өз жазбасында Ғалымжан өткір тілші ғана емес, өткір депутат екендігін тағы бір байқатты. Ол былай дейді:
“Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Өйткені біздің ауылда бастауыш мектеп қана бар, одан кейін 5 шақырым қашықтықтағы көршілес Тасарық ауылындағы білім ошағына қатынап оқуға мәжбүр. Олар үйге аман-есен оралғанша жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Қайбір жылы көктемгі нөсердің соңы су тасқынына ұласып екі ауылдың ортасындағы Балдыбірек өзеніне бір оқушы ағып кете жаздады, абырой болғанда сол маңайдағы ересек адамдар байқап үлгергендіктен әупіріммен құтқарып қалды. Балалар топтасып барып қайтпаса ит-құс тие ме деп те қорқамыз. Кейде арнайы тасымалдайтын көлік болмай қалады, бұл жиі қайталанады. Мұндайда 5 шақырымға жаяу қатынап оқу қандай қиын екенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Әсіресе, қысқы қарлы боранда, күзгі жауын-шашында. Біздің Оңтүстік ауылында 70 шақты түтін болса, оның 7-еуі Шымкент қаласына көшіп кеткені де осыдан»…

Бүгін «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалында кестеге сәйкес өткен қоғамдық қабылдауға келген зейнеткер Досмұрат Майлиев бастаған, Сәбит Спанәлиев, Еркін Жанмәмбетбаев, Қанат Шыныбеков қоштаған Оңтүстік елді мекенінің тұрғындары осылай деп күйіне, күйзеле сөйледі.

Арызданушылардың сөзіне жүгінсек, талап бойынша, жалпы орта білім беретін мектеп ашуға мектеп жасындағы балалар саны 81-ден астам болуы тиіс. Ауылдағы бастауыш мектепте қазіргі таңда 45 оқушы тәлім алып жатса, Тасарық ауылындағы Т.Тоғысбаев атындағы мектепке 58 оқушы қатынап оқиды. Демек 103 оқушысы бар Оңтүстік ауылында жалпы орта мектеп ашуға еш кедергі жоқ. Олай болса салынғанына көп болмаған, 100 оқушыға арналған бастауыш мектеп жанынан қосымша құрылыс жүргізіп, жетіспейтін сынып кабинеттерін көбейту арқылы көп қаржы жұмсамай жұрттың тілегін орындауға болады.Қосымша құрылыс салатын жер телімі де мектеп аумағында дайын тұр.

Мектептің спортзалы жоқ екен. Тек шағын бөлмеде балалар бокспен шұғылданады. Сөйте тұра алақандай ауылдан шыққан балалар аудандық, аймақтық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Өйтпегенде ше? Бұл даңқты боксшы Серік Қонақбаевтың кіндік қаны тамған ауыл. Алайда Серік Қонақбаев туған ауылдан адамдар көшіп жатыр деген ақпарат көңілге кірбің түсірмей ме? Даңқты боксшы туған жеріне жаңа мешіт салып бермекші деген жақсы жаңалықты естіп қуанып қалдық. Әйгілі боксшы елге шапағатын тигізуді мектептен бастап жатса кәнекей?

Ауыл тұрғындары бұған дейін де жанайқаларын тиісті мекемелерге жеткізген. Өкініштісі жанайқайлары жаңғырық болудан әріге аспаған. Қоғамдық қабылдауға әдейі шақырылған Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Нұрлан Қырбасов қойылған сауалдарға мардымды жауап қата алмағаны да осыдан. Алдағы уақытта аудан әкімдігі мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесе отырып Оңтүстік ауылы тұрғындарының мәселесін зерттеп, зерделеп көрмекпіз. Әрине, мәселені шешу үшін елдің шағымын кабинетте тыңдап қайтарумен шектелмеу керек. Қоғамдық қабылдаудан кейін Оңтүстік ауылына арнайы барып мектептің, мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтқанымыз да сондықтан. Ауылды аралап тұрғындармен тілдескенде ауыз су сапасыздығы, жарықтың жетіспеушілігі, интернеттің нашарлығы сияқты арыздар да айтылды. Дегенмен ең бірінші кезекте мектеп мәселесі оң шешілсе дейді.

Бұл күні қоғамдық қабылдауға келген Ленгер қаласының тұрғыны Сәуле Қалжанова бірнеше жылдан бері өзі тұрып жатқан «Север» мөлтекауданында қашан жол жөнделеді, трансформатор қай кезде орнатылады, табиғи газ тартыла ма деген сауалға жауап таппай жүр екен. Бұл сауалдарды аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына жолдайтынымызды, орындалуын бақылауда ұстайтынымызды айттық.
“Сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма?” деген бар емес пе?Ендеше, Түркістан облысы, Төлеби ауданының тұрғындарының тілін “қышытпай” тірлігін бұқараға жеткізер Ғалымжан Елшібайдай тілші-депутаттың бары қандай бақыт!

“ARA-ақпарат”