ШЫМКЕНТ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ 4 ТҮРІ БОЙЫНША ӨЗІН-ӨЗІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫР

18
Шымкент қаласының халқын азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз ету әрі сапалы өнімді өндіру маңызды мақсаттың бірі. Барлық ресурстарды назарға алсақ, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешендегі әлеуеті жоғары мемлекет ретінде есептеледі.
Осы ретте, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы қала халқын азық-түлікпен қамту туралы мәлімдеді.
Олардың айтуынша, азық-түлік тауарларының тұтыну нормасына сәйкес, Шымкент қаласының халқы бір жылда бірінші сұрыпты ұннан – 14 256 тонна, қалыпты бөлке наннан – 77 529 тонна, рожкиден – 4 825 тонна, қарақұмық жармасынан – 2 193 тонна, күріш – 9 321 тонна, картоп – 104 177 тонна, сәбіз, пияз – 21 932 тонна, қырыққабаттан – 14 913 тонна, шекерден – 19 739 тонна, күнбағыс майынан – 7 676 тонна, сиыр етінен – 16 449 тонна, тауық етінен – 5 483 тонна, айран, сүттен – 92 663 тонна, жұмыртқадан – 155 717 200 дана, тұздан – 2 401 тонна және сүзбеден – 5 373 тонна тұтынады екен.
Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе) 19 азық-түлік өнімі кіреді.
Жалпы мегополис өзін-өзі бірінші сұрыпты ұн, рожки, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен 100 пайызға қамтамасыз ете алады. Ал сүт өнімдерімен – 50 пайызға, тауық етімен – 41 пайызға, сиыр етімен – 65 пайызға және көкөніс өнімдерімен – 10-15 пайызға қамтамасыз етуге қауқарлы.
Мамандар тұз, қарақұмық жармасы, күріш және шекер секілді азық-түлік тауарларының қаламызда өндірілмеуіне байланысты олар көршілес облыстардан және шет мемлекеттерден тасымалданатынын айтты.
Сонымен бірге олар қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры, тауар өндірушілерді, қоймалар мен сауда нысандарын қосқанда жеткілікті және де тапшылық бойынша ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.