ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІНІҢ «КОРТЕЖІНЕ» ҚАТЫСТЫ 5 ЖҮРГІЗУШІНІ ЖАУАПҚА ТАРТТЫ

171

Түркістан облысының полицейлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын болдырмау бойынша профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бірқатар «кортеж» жүргізушілерін анықтады.

Мәселен әлеуметтік желіге мониторинг жүргізген Түркістан қаласының полицейлері көрші аудандағы мектеп түлектерінің қатысуымен болған автокөліктер «кортежін» анықтады. Қабылданған шаралар барысында сақшылар тәртіп бұзушыларды жүргізушілердің жеке басын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. «BMW» және «ВАЗ» автокөліктерінің жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі және ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушылардың көліктері айыптұраққа қойылды.

Сонымен қатар Қазығұрт және Сарыағаш аудандық полиция бөлімдерінің полицейлері әлеуметтік желілердегі бейнежазбада анықталған тағы бір «кортежді» анықтау мақсатында, жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтап, көлік құралдары айыптұраққа қойылды.

Полицейлер «Hery Tiggo 7», «Lada 21705» және «Lada 2115» көліктерінің жүргізушілерін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі және 9-бөлігі, 230-бабы 2-бөлігі, 595-бабы 1-бөлігі, 593-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартты. Сондай-ақ құқық бұзушылар мен жасөспірімдерге профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері азаматтарды құқық бұзушылыққа жол бермеуге және жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырады! Есіңізде болсын: жол қателікті кешірмейді!