ШЫМКЕНТ ӨНІМДЕРІ – ҚАЛА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚУАТЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ

465
Шымкентте жергілікті тауар өндірушілер шығаратын өнім түрлерінің көрмесі ашылды. Қала экономикасының тірегі саналатын 100-ге жуық кәсіпорын «Шымкент өнімдері» тақырыбымен алдағы үш күн көлемінде жалғасатын көрмеге өз тауарларын ұсынды.
Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасы түрленді. Қаламызда құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тағы басқа өндірістік салалар қалыптасты.
Көрменің ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, қала кәсіпорындары шығаратын өнім түрлерімен танысты.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Өңдеу өнеркәсібінің экспортын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру нәтижесінде қаламыздың өнеркәсіп көлемі жыл аяғына дейін 711,5 млрд. теңгеге жетеді, өндірілген өнімнің 87 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. Қаладағы 4 өндірістік аймақта 118 жоба жүзеге асып, 21 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Биылғы жылдың өзінде жаңадан 5 жоба жүзеге асып, 203 жұмыс орны ашылды», — деп атап өтті шаһар басшысы.
Қаланың өндірістік әлеуетін арттыруда жаңадан 2 индустриалды аймақтың құрылысы басталған. Оның ішінде «Жұлдыз» идустриалды аймағында құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланатын болады. «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетпек. Мұнда заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылатын болады.
Тамақ өндірісі саласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге басымдық берілді. Бұл бағытта «Бозарық» тамақ өнеркәсібі аймағының инженерлік жүйелері жүргізілуде. Мұнда 23 млрд.теңгені құрайтын 1 800 жұмыс орнымен 20-дан астам жоба іске асырылады. Қосымша 198 гектар жерге агроиндустриалды аймақ құру жоспарланды. Мұнда өнеркәсіптік жылыжай кешендері салынады.
Қалалық орта болуымызға қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін биыл 37 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл жылы жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, ет өңдеу бойынша 15 инвестициялық жоба жүзеге асты. Жыл соңына дейін осы санаттағы тағы 10 жоба іске қосылмақ. Шымкенттің өндірістік қуатын құрайтын бұл жобалар ішкі нарықты отандық мазмұнды құрайтын өнім түрлерімен толықтырылып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға қызмет етпек.
Шымкентте шығатын өнімдер көрмесі алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін таныстырылымдық сипаттағы алаң ретінде қызметін жалғастырады. Оның аясында дайын өнімдерді өткізу нарығын қарастыру, экспортқа бейімделген тауар түрлерін ілгерілетуге мүмкіндіктер ашу, шығарылған өнімдердің СТ-KZ отандық сапа стандарты талаптарына сай болуын ұйымдастыру, іскерлік байланыстарды арттыру міндеттері бойынша жұмыстар жүргізіледі.