М.ӘЙТЕНОВ «СОСА-СОLА» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСТІ ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 59 ЖОБА ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ АЯСЫНДА ШЕШІМІН ТАПҚАН

560

 

М.ӘЙТЕНОВ «СОСА-СОLА» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі түркиялық «Coca-Cola İçecek» компаниясының Алматы қаласындағы директоры Мустафа Белтекинмен кездесті.

Үшінші мегаполис мүмкіншіліктерін атап өткен шаһар басшысы компания өкіліне Шымкенттен осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігін айтып, Шымкенттің салалық мүмкіншіліктеріне тоқталды.

Қала басшысы өз сөзінде биылғы жылы ауданы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» жаңа үшінші индустриялық аймағының құрылғанын, қазіргі таңда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының таяуда аяқталатынын алға тартты. Инвесторларға ұзақ мерзімге жалға берілетін тегін жер телімдері, дайын инфрақұрылымдар мен коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендетілгенін де жеткізді.

«Бүгінгі кездесу екі жақты ынтымақтастыққа септігін тигізіп қана қоймай, Шымкенттегі жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырудың алғы шарты болатынына сенімім мол»,-деді ол.

«Coca-Cola İçecek» компаниясының өкілі әкімдік тарапынан арнайы жер телімі және инфрақұрылыммен қамтылу жағынан қолдау болса, инвестиция құюға әзір екендіктерін жеткізді.

 ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 59 ЖОБА ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ АЯСЫНДА ШЕШІМІН ТАПҚАН

Биыл Әл-Фараби ауданы бойынша 59 жоба халық қатысатын бюджет аясында шешімін тапқан. Атап айтқанда 50 балалар алаңшасы және 9 ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Осы және өзге де шешімін тапқан мәселелерді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен кезекті есепті кездесуі кезінде мәлімдеді.

«Былтыр 27 ауланы абаттандырдық, соның 14-ін халық қатысатын бюджетпен жүзеге асырдық. Биыл да құрылыс қарқыны жоғары. Мұның барлығы тұрғындардың атсалысумын атқарылуда»,-деді шаһар басшысы.

Жоспарға сай бұл межені 100%-ға жеткізу үшін келесі жылы тағы 32 балалар алаңшасы мен 7 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілетін болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі