“ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ-ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ…”

467

 

«AMANAT» партиясының кезектен тысXXIV сьезінде «AMANAT» партиясының жаңа саяси тұғырнамасы қабылданған болатын. Тұғырнаманың Азаматтық қоғам-дамудың кепілі екінші бөлімінде «AMANAT» партиясы тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды ары қарай да жалғастыра береді.Бұл- біздің ұлтымыздың, халқымыздың алдындағы перзенттік парызымыз.Қазақ тарихындағы барлық ақтаңдақтардың бетін ашып, ұлт өміріндегі тағдыршешті кезеңдер мен оқиғаларға тиісті, лайықты баға беретін уақыт жетті деп айқындалған.Шынында да саяси Тұғырнамада айтылғандай Руханият-ұлттың мәйегі.

«AMANAT» партиясының Атқарушы Хатшысы Асхат Раздықұлы Ораловтың Түркістан облысына іс сапарында зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Қызқорған,Балақорған тарихи ескерткіштерін қорғау, мемлекеттік тізімге алу мәселесі көтерілген болатын. Асхат Раздықұлы бақылауға алып тапсырмалар берілді. Түркістан облыстық партия жанындағы»Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің атынан және облыстық Мәдениет басқармасына депутаттық сауал жолданды. Сонымен қатар, облыстық «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында кеңес мүшелері аталған тарихи ескерткіштерді аралап көшпелі жиындар өткізуді жоспарлаған еді. Бүгін жоспарға сәйкесқоғамдық кеңестің көшпелі отырысы Созақ жерінде басталып, ҚЫЗҚОРҒАН, БАЛАҚОРҒАН қамалдары басында аяқтадық. 

Қасымыздағы жол көрсетуші қорықшы Оразбеков Темірхан сампылдап бұл жердегі әр жотаның тарихы бар деп қызықтыра түсуде. Браконьерлерлер туралы да қызық естеліктерін ара-арасында еске алып қояды. «Жоңғар шапқыншылығы кезінде пайда болған төрт бұлақ бар, қазір соны басып өтеміз» деді. Жоңғарлар бір батырдың жүйрік атын қолға түсірмекші болып қуалап келе жатқанда жүйрік ат жаудың қолына түспеу үшін таудан секіріпті, төрт тұяғы тиген жерден төрт бұлақ атылып шығып, сол жер «Айғыр ұшқан» аталып кетіпті деді. Аттың иесіне адал болған қасиеттілігіне таңқалдық.

Қиялап жүріп келеміз. Көп болса сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жүріп келеміз. Жолай келе жатып қорықшы Қызқорған туралы сан түрлі аңыздарды қозғады. Қорықшының көлігі жартастың төменгі жағына тоқтады: «Енді жаяу тартамыз, соңымнан ілесіңдер» деді. Терлеп-тепшіп ілесіп келеміз. Кім күнде тауға шығып жүр дейсіз…
Балақорған және Қызқорған тарихи ескерткіштері Сауран ауданына қарасты Серт ауылынан 34 шақырым солтүстік-шығыста, Қаратаудың Қызылсай шатқалында орналасқан. Бекіністер ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болып, ХV-ХVІІІ ғасырларға дейін қызмет еткен деп саналады. Екі ескерткіштің арасы 500 метрдей, ортада өзен ағып жатыр. Созақ-Түркістан қалаларын жалғайтын көнекеруен жолының бойында тұр.Қызқорған бекінісі Қаратаудың тақтатастарынан (плитняк) тұрғызылған. Қорғанның пішіні 85х80 м болатын қисық шеңберге ұқсайды. Қалыңдығы 1,5-2 м болатын бекініс қабырғасына тақтатастар қиюластырып қаланған. Оңтүстік және оңтүстік-батыс жағындағы қабырғасы 1 метрдей болса, батыс жағындағы қабырға толығымен жойылған. Қабырғаларында атыс ойығы бар. Тастан үйілген обалардың аумағы 4-15 м. Олар тізбектеліп оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Олардың қазіргі сақталған биіктігі 2,5-3 метр. Қамал ішінде көптеген бөлме орындары болғаны байқалады. Қызқорған қамалын 1980 жылы К.А.Ақышев бастаған археологтар тапса, 2005 жылы ХҚТУ ТАЭ жетекшісі М.Елеуов басқарған экспедиция ашып, зерттеген. Бекініске арнайы кіріп-шығуға арналған есікке орын қалдырып, қақпа тәрізді тастармен өрген. Оған кіретін, екі жағы таспен қаланған есік шығыс қабырғада орналасқан. Батыс қабырғаның ішкі жағында бұлақ бар.Қорған ішіндегі үйлердің жазық шатыры бекіністі жаудан қорғағанда атыс галереясы ретінде қызмет еткен. Аршылған бөлмелердің мәдени қабаты шағын, онда саздан жасалған құмыра ыдыс, құм, құмыраның кесінділері табылған. Уақытын белгілейтін және бекіністің қызмет атқаруының негізгі кезеңін анықтайтын ХV-ХVІ ғасырларға жататын 2 тиын табылған.

Балақорған бекінісінің құрылысы да тақтатастан қаланған. Пішіні кескіндемесі жағынан тау мүйісінен шығыңқы, трапецияға ұқсас, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағдарланған. Солтүстік-батыс қабырғасы тік жартас жарқабағына салынса, солтүстік-шығыс жағы таулармен қоршалған. Бекіністің оңтсүтік-шығыс және оңтүстік-батыс жағы едәуір қорғалмаған, әлсіз қыры болған. Сондықтан, оңтүстік-батыс қабырғасында екі деңгейлі тікбұрышты мұнара орналасқан .Бекіністің өлшемі – 75х37 м, қабырғасының биіктігі – 3-3,5 м. Бекіністің солтүстік бөлігінде бір типтес алты тұрғын бөлме қазылып алынған.  Бұлар қарауыл бөлмесі ретінде қызмет атқарған бөлмелер. Бір бөлменің қабырғасы Қызылсай шатқалына кіре берісіне қараған, ені 1м дейін атыс ойығы бар. Ол күзетуге, не бақылауға арналған. Аршылған бөлмеден құмыра мен құмыраның кесінділері бар аздаған мәдени қабаты табылған.Қамал-қорған туралы ел аузында түрлі аңыз-әңгімелер көп. Оның ішінде Түркістанда билік құрған хандардың жазғы ордасы болуы әбден мүмкін деген де деректер кездеседі. Негізінде қазақ үшін қыздарының ар-ұяты, тазалығы жоғары болған. Қыздың арын таптатаймын деп талай қазақ жаудың қолында жан тәсілім еткен.Балақорғанға келсек, жоңғарлар әрбір жорығы алдында бір кішкене баланы құрбандыққа шалып отырған. «Артымда ұрпақ қалсын» деген бабаларымыз балаларын осында, ауылдан аулақ көз таса етіп қорған ішінде жасыруға мәжбүр болған. Дегенмен, қос ескерткіштің де Түркістан шұратындағы Қаратаудың теріскей бөктерінен (Дешті Қыпшақ) Қызылсай шатқалымен керуен жолын күзететін және бақылайтын әскери тірек ордасы болғанын археологиялық материалдар растайды.Бүгінгі көшпелі жиын – тау қойнауында жатқан көне ескерткіштерді келешекке мұра етіп жалғастырудың бастамасы. Ұлдары мен қыздарын қорғаштап, жаудан таса жерге жасырғанының куәсі осы тастардан қаланған ҚЫЗҚАМАЛ-ҚЫЗҚОРҒАН мен БАЛАҚОРҒАН қамалдары. Кеңес мүшелері, ғалымдар құлағымызбен естіп жүрген тарихи ескерткіштерді қолымызбен ұстап, көзімізбен көріп қайттық. Елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық, тарихи, рухани байлығын, елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Тарих қатпарларын  таныту арқылы  қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайында туған өлке тарихының  отаншылдық қасиетті ширата  түсудегі маңыздылығын насихаттаудың жүйелі жоспарын жасауды қажет етеді. Ел экономикасын дамыту үшін елді мекендердің орналасу жағрафиясына сәйкес облыс өңірінде туризмді дамытуды күшейту қажет. Алда қоғамдық кеңестің жоспарын кеңейтіп, ел мен жер тарихын дәріптеу, тарихи жер-су атауларын қайта қалпына келтіру мәселесін көтеріп, ономастикалық комиссияға ұсыныстар беруді қолға алу күн тәртібінен түспейтіндігін топшыладық. Алға қойған мақсатты орындау азаматтық парызымыз.

Қалыйма Жантөреева
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы
Атқарушы хатшысының орынбасары,
Түркістан облыстық мәслихатыныңдепутаты,
Түркістан облысының Құрметті азаматы