ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: ҚАЗАҚ САНЫН КӨБЕЙТКЕНДЕР ІСМЕР АНА

234

Жақында Шорнақ ауылының тұрғыны Дариға Қасымованың отбасында болдық. Қазақ ұлтына тұрмысқа шыққан татар қызының ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген ісмер жан екенін үй жабдықтарынан байқадық. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымыздың бірі көне сандықтарды жүк аяғымен тап-таза қалпында сақтап, үстіне жүк жинап қойғаны керемет әсер қалдырып, тамаша көңіл-күй сыйлады.

Ашық-жарқын мінезді Дариғадан өмір жолдарын сұрадық.

— Мен 1962 жылы 6 қыркүйекте Шорнақ ауылында дүниеге келгенмін. Әкеміз Фарид пен анамыз Марияның тұла бойы тұңғышымын. Біз жанұямызда 6 қыз, 2 ұлмыз. Ұлбике, Рита, Эльмира, Дельмира, Альфия есімді сіңлілерім мен Марат, Мэльс есімді інілерім бар. Марат інім қайтыс болды. Артында бір ұлы қалды. Аллаға шүкір, «Орнында бар оңалар» дегендей, інімнің шамшырағы жанып, ұрпағы өсіп-өніп отыр.

Мен Қосмезгіл ауылының жігіті Ақболат Қасымовқа тұрмысқа шығып, тату-тәтті өмір сүрдік. Құдай қосқан қосағым 28 жасында қайтыс болды. Жеті жыл отандасқан ерімнен айрылу оңайға соқпады маған. Артында зар еңіреп қала бердім. Аллаға шүкір, Абзал есімді ұлым, Роза, Нұрлы есімді қыздарым бар. Бүгінде осынау ұл-қыздарымнан 12 немере сүйіп отырмын, — дейді Дариға.

Бағанадан бері үйдегі жүк аяғымен тұрған сандықтарға қарағыштай бергенімді байқаған Дариға: — Алғаш келін болып түскенімде үйде 5 қайынсіңлім, бір қайным бар болатын. Аллаға шүкір, барлығын енем екеуміз жайғастырдық. Бүгінде бес қыз бес үйдің шамшырағын жағып отырған отана атанса, қайным үйлі-жайлы болды. Барлығы өсіп-өніп отыр. Енем Назгүл 10 ұл-қызды дүниеге әкелген Батыр ана. Енем біздің қолымызда тұрады. Бүгін қыздарының үйіне қыдырып кеткен болатын. Енем өте жақсы жан. Мына сандықтар мен келін болып түскенде бар болатын. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарымыздың қадірі артып жатыр емес па, — деп қайын енесін мақтап отырған Дариғаның әрбір сөзі бізге майдай жағып отырды.

Дариғаның айтуынша, өзінен кейінгі бес қыз да қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Оны өзі: «Қазақы тілмен айтсам, Ұлбике екеуміз тарақты руына, Рита мен Дельмира жетімдер руына, Эльмира мен Альфия божбан руына келін болып, қазақ ұлтының санын көбейтіп отырмыз,- деп қуана айтып отырды.

Дариға қазақ халқының тілін ғана біліп қоймай, ұлттық нақыштағы құндылықтарымызды насихаттап жүргенін мақтанышпен жеткізді. Әсіресе, әжелерімізге арнап тіккен кең көйлектер мен кимешектері, бойжеткен қызға арнап тіккен сәукелелері қандай әдемі. Сондай-ақ, ұлттық оюлармен безендіріп тіккен қоржындар да көздің жауын аларлықтай. Сонымен қатар, қаз-қаз басып жүріп жатқан жас бүлдіршіндердің тұсауын кесу мерекесіне арнап тіккен ұлттық нақыштағы киімді айтсаңызшы.

Сауран ауданының «Асыл қазына» әжелер тобының мүшелерінің ұлттық нақыштағы киімдерін де Дариғаның тіккенін білдік. Өзі де осы топтың мүшесі екен. «Сегіз қырлы бір сырлы» деген қанатты сөз — әуелетіп ән салатын, қолынан бал тамған Дариға Фаридқызына арналып айтылғандай.

Ендеше, Қасымовтар әулетінің тамырын кеңге жайған бәйтерегі болып отырған Дариғаға елдің айтар алғысы мол.

Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.

Түркістан қаласы