ЭКОЖҮЙЕ БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН

272

Шымкентте кәсіпкерлердің алдынан туындаған кедергілерді шешуге арналған салалық байланыс топтары құрылады. Бұл цифрлы экожүйе іскер азаматтарға 600-ден аса мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы үшінші мегаполисте өткен ауқымды кездесуде айтылды. Кәсіпкерлікті қорғауға арналған экожүйені құру жобасын жүзеге асыруды талқылауға арналған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, бизнес-қауымдастық өкілдерімен жүздесті. Шаһар басшысы іскер азаматтарға кездескен түйткілдерді тездетіп шешуге арналған байланыс топтарын құру туралы шешім қабылдады.

ӘКІМДІК – ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТА

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен жиынға іскер азаматтармен қоса, салалық қауымдастықтардың, құқық қорғау, құзырлы органның қызметкерлері де келді. Еркін тақырыпта өткен басқосуда кәсіпкерлер өз пікірлерін айтып, толғандырған сұрақтарын қойды. Оның кейбіріне қала әкімі бірден үн қатып, орынбасарларына шешуге тапсырма берді. Ал кейбір кәсіпкерлерді мәселені жіті талқылау үшін жеке қабылдауына шақырды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбековтың айтуынша, қойылатын сұрақтардың ішінде көбісі салық салуға, жер қатынастары мен қала сәулеті, құрылысқа қатысты.
«Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғауға қатысты қалалықтардан жыл сайын орта есеппен 200-ге жуық өтініш түседі», – дейді Тимур Нахыпбеков.
Сондықтан, жауапты маманның айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа «Кәсіпті қорғау экожүйесін» жүзеге асыруда. Онда кәсіпкерлікті қылмыстық қудалауға негізсіз тартудың алдын алу шаралары қарастырылады.
– Мемлекет пен бизнестің тиімді байланысы үшін, кәсіпкерліктің проблемаларын шұғыл шешуде палатада 7 салалық комитет жұмыс істейді, онда кәсіпкерліктің жүйелі мәселелері қарастырылады. Біз әкімдікте осындай салалық біріккен байланыс топтарын құруды ұсынамыз. Олар әкімнің тиісті орынбасарларымен және басқарма өкілдерімен тікелей байланыста болар еді, – дейді Тимур Нахыпбеков.
Мұрат Дүйсенбекұлы бұл ұсынысты қолдады. Қала әкімі осындай кездесулердің бизнес үшін де, жергілікті билік үшін де пайдасы көп екенін айтып, шағын және орта бизнес өкілдерін қоса отырып, тұрақты түрде өткізуді ұсынды.

БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН

Бизнеске арналған жаңа жүйе экологияға қатысты емес, тек атауы биологияға қатысты. Бұл терминді 1930-жылдары британ ботанигі Артур Тэнсли қолданысқа енгізген. Ол экожүйе деп өзара және қоршаған ортамен байланысатын ағзалардың шағын қоғамдарын атаған. Өсіп-даму үшін бұл ағзалар өзара байланыста болады әрі бәсекеге түседі. Осылайша қоршаған ортаның сынына төзіп, жетіледі. Бизнес те солай. Заман сынынан сүрінбей өтіп, даму үшін кәсіпкерге де өзі сияқты қоғаммен тығыз байланыста болуы керек.
Осылайша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне де, тұтынушыларға да пайдалы істі қолға алып, соңына дейін жеткізбек. «Кәсіпті қорғау экожүйесі», аты айтып тұрғандай, бірінші кезекте кәсіпкерлікті қорғауға арналмақ.
Ал бизнесті қорғау керек, дейді мамандар. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда бизнеске қатысты 2 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. 400-ден аса іс қысқарған.
«Яғни, қылмыстық істердің 20-25 пайызы негізсіз қозғалған», – деп жазылған atameken.kz сайтындағы материалда.
Бүгінде өңірлік кәсіпкерлік палаталарында кәсіпкерлердің құқығын қорғауға арналған кеңестер жұмыс істеп тұр, онда бизнестің жүйелі мәселелері қаралады. Шымкентте де тұрақты түрде жүзеге асырылуда.

ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ НЕ МАЗАЛАЙДЫ?

2022 жылдың 9 айында Шымкент қалалық кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 9 отырысы өтіп, онда 18 мәселе қаралған. Кеңес төрағасы Мелес Сейітжановтың айтуынша, кеңес мүшелері 29 ұсыным беріп, 21 жағдайда кәсіпкерлерді қолдаған.
– Мұндай отырыстарда түрлі мәселелер, жүйелі проблемалар көтеріледі. Мысалы, бір жағдай газбен қамту бойынша, табиғи монополия субъектісі тарапынан бір жақты шартты таңуға байланысты. Бұл мәселе республикалық проблемалар тізіліміне енгізіліп, соңында нәтижелі шешілді. Сонымен қоса, бизнес нысанына кіретін-шығатын орындар мен көлік тұрағын орнату мәселесі қаралды. Аудандық прокуратура, Шымкент қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерімен бірге жұмыс топтары құрылды. Нәтижесінде ол мәселе де оң шешілді, – дейді Мелес Дайынұлы.
Кеңестің отырыстарында жарнама қоюда заң бұзушылықтар, шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз етудегі кедергілер, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығының көрсеткіштері, көлік инфрақұрылымына қатысты проблемалар, бизнес қорғау және заңсыз тексерулердің алдын алу, салық салу сияқты және тағы да басқа көптеген мәселелер қаралып, олардың көбісі бизнестің пайдасына шешіліп отырған. Бұған қалалық әкімдіктің тиісті салалық басқармалары мен мемлекеттік орган өкілдерінің араласуы да оң нәтиже беруде, дейді кеңес мүшелері.
Дегенмен, кәсіпкерлердің тек құқығын қорғау ғана өзекті емес, ісін енді бастаған кәсіпкерлерді қолдау да күн тәртібінен түскен емес. Тәжірибелі іскер азаматтардың да бетпе-бет келетін мәселелері жетерлік. Сондықтан, ондай азаматтар түрлі кабинет табалдырығын тоздырмас үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен елімізде жылдың басынан бері бизнеске арналған экожүйе тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында кәсіпкерлер «бір терезе» қағидатымен 600-ден аса мемлекеттік қызметті ала алады, кәсіпкерлер палатасының қызметін мен қолдауының игілігін көре алады.

БИЗНЕС – МЕМЛЕКЕТ ҚОРҒАУЫНДА

Кәсіпкерлікке қатысты ауқымды өзгерістер 2021 жылдың 30 желтоқсанында басталды деуге болады. Сол күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Заңдағы негізгі өзгеріс – адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, құқықтық тәртіп пен ар-ұждан, моральды бұзатын тәуекелдер болғанда ғана мемлекеттің араласуы тиіс. Осылайша заң бизнеске қатысты кез келген талап мемлекеттік реттеу себептерімен үндес болуы, күрделі емес, анық әрі нақты түрде түсіндірілуі тиіс.
Кәсіпкерлікті реттеуді «жаңадан» бастау үшін міндетті талаптардың тізілімі енгізіледі. Бұл бизнеске арналған барлық талап жазылған бірыңғай база болмақ. Онда жаңа реттеу саясына қатысты талаптар ғана болады. Осылайша 2024 жылдан бастап талап осы тізілімге енгізілмеген болса, онда мемлекеттік орган бизнесті сол бойынша тексеріп, жазалай алмайды. Яғни, тізілімде талап жоқ болса – жаза да жоқ. Тізілімді қалыптастыру және жүргізуді Ұлттық экономика министрлігі «Әділет» жүйесінің базасында жүзеге асырады.
Уақыт пен ресурсты тиімді пайдалану үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың биылғы 5 наурызда қол қоюымен мемлекеттік реттеуді «жаңадан» ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыруға қатысты 2022-2023 жылдарға арналған жоспар-кесте бекітілді. Бұл құжатта барлық ұйымдастыру шаралары, орындау мерзімі мен кезеңдері көрсетіліп, мемлекеттік органдар бекітілген.