ҮЗДІКТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

314

Жуырда жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының республикалық спартакиадасы өтіп, Шымкент қаласының командасы жеңімпаз атанған болатын. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков үздіктерге құрмет көрсетті.

Жиынға Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері қатысты.
— Шымкенттік мамандар Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығы бірлесіп өткізген республикалық спартакиадада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 команда және Өзбекстан құрамасымен бақ сынап, сайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылды. Республикалық сайыс келер жылы Семей қаласында өтеді. Біздің мамандар келер жылы да жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз, — деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Ал, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Мамытқызы іріктеу барысын баяндап берді.
– Маусым айында қала күні әрі медицина қызметкерлерінің күніне орай жергілікті жедел жәрдем станцияларының бригадалары арасында қалалық жарыс ұйымдастырдық. Соның жеңімпаздарының арасынан іріктеп, Шымкент қаласының командасы жасақталды. Құрамында бір дәрігер мен екі фельдшер бар. Барлығы жас мамандар, білікті. Осы республикалық спартакиадаға екі ай дайындалдық. Спартакиадаға әр өңір ең мықтыларын алып келді. Дегенмен, біз жеңіске жеттік. Бұл Шымкент қаласындағы жедел жәрдем қызметінің сапасын да көрсететін жетістік екенін мақтанышпен айта аламыз, – дейді Гүлнар Мамытқызы.
Мамандар спартакиада барысында 4 кезеңнен де сүрінбей өткен.
— Топтағы фельдшерлердің біліктілігі мен тәжірибесінің нәтижесінде үздік көрсеткішке жеттік деп білемін. Мәселен, командадағы фельдшер Талғат Дәуренбайдың жедел жәрдемде 6 жыл еңбек өтілі болса, Адинай Успанованың келгеніне небәрі 2 жыл ғана болған. Алайда, жол-көлік апаты, үй жағдайында босану, суға батқан балаға көмектесу сынды сынақтарда барынша жедел әрі тиімді көмек көрсетілді. Шынайы кейіпкерлермен өткізілген сынақтарды мамандар бағаласа, муляждармен жасалған тапсырмаларды қазылардан тыс, компьютер бағалады, — дейді Шымкент құрама командасының дәрігері Ғабит Өмірәлиев.
Салтанатты жиын соңы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдары басшыларының қатысуымен кеңейтілген отырысқа ұласты. Мамандар басқосуда медициналық қызмет сапасын жақсарту бойынша өзара пікір алмасып, саладағы мәселелердің шешу жолдары қарастырды.

«Шымкент келбеті»