ЖОЛДАУДА ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ ЖӨНІНДЕГІ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛҒАН ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ

276

Бүгін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «АГФ групп» өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін фабрикасында жұмысшылардың қатысуымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру жөніндегі кездесу өтті.

—Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген міндеттер айқындалды. Өз мамандығым дәрігер болғандықтан, денсаулық сақтау саласына қатысты жаңалықтарға ерекше назар аудардым. Отандық медицинаның орнықты дамып келе жатқанын Шымкент қаласынан-ақ байқауға болады. Осыдан 5-6 жыл бұрын қалада 10 емхана халыққа қызмет көрсетсе, қазір емханалардың саны 42-ге жетіп отыр. Дәрігерлерге түсетін жүктеменің азаюы — медициналық қызметтің сапасының жақсаруына себеп болуда. Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызметтің көптеген түрлерін тегін пайдаланып келеміз. Президент Жолдауда Үкіметке отандық медицинаны қаржыландыру жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Бұл халықтың денсаулығын сақтауға оң ықпал ететіні сөзсіз, — деді Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев.

Айта кетейік, кездесуге Шымкент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қуатбек Қалықұлов та қатысып, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді.

ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда. Бүгін ақпарат-насихат тобының мүшелері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы Шымкент химия компаниясының жұмыскерлерімен жүздесті.

Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Баршагүл Исабек Президент Жолдауында көтерілген тақырыптарды атап өтіп, қарапайым еңбек адамына тиер пайдасына тоқталды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының біріккен отырысында жасаған Жолдауында негізгі бес тақырыпты көтерді. Соның ішінде ел өмірінің экономикалық-әлеуметтік саласына баса назар аударылып отыр. Мысалы, қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзарту сияқты жаңашылдықтар оралады. Мұның барлығы ел игілігі үшін орындалатын тапсырмалар, – деді Баршагүл Қашқынқызы.

Айта кетейік, Шымкент химия компаниясында метил-трет-бутил эфир өнімдерін шығарады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 57 мың тонна өнімді құрайды.